Республикалық «Киелі мекен» тазалық акциясы Шымкент қаласының әр елдімекенін қамтып, ескерткіштер мен саябақтар абаттандырылып жатыр. Бүгінгі күні «Алтынтөбе», «Абай» саябағы, «Қабанбай батыр», «Қапал батыр» ескерткіштерін және «Мірәлі баба» кесенесінде тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Мірәлі баба» кесенесінің тазалық жұмыстарын жүргізуге 50 жұмысшы және 2 техника жұмылдырылған.
— «Мірәлі баба»аумағына санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кесене аумағының тазалық жұмыстарына ауданның ақсақалдары, ерікті жастар және аппарат қызметкерлері белсенді атсалысып қатысты. Жалпы бұл аудан тұрғындары әр апта сайын ерікті түрде жиналып, кесенеге тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады. Арнайы техникалар мен мамандарда алдағы уақытта келіп жұмыстар жасайтын болады, — дейді Қаратау аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекарыс Бахадыр.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырған болатын. Шымкенттіктер өз қалаларын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кіріскенін атап өткен дұрыс. Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.
Қала әкімдігінің жұмысында қаланы көгалдандыру әрқашан бірінші орында тұр. Бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.