ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру бойынша ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Сайрам тұрғын алабындағы «Юнекс» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесті. Кездесуде Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан жылыжай жұмыскерлері қауымдастығының» төрағасы Мырзахмет Сынабаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқын көрсетілген негізгі бағыттарды атап көрсетті.
-Жолдау – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Сонымен қатар, жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс, -деді М.Сынабаев.
«Қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің ішкі саяси реформаларының орнықтылығы өте маңызды мәселе. Президент Жолдауындағы жаңа саяси практика, жаңа саяси дәстүр – «жариялылық» принципіне үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің зерттеушілердің жаз айларында жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, қазір қоғамда әлеуметтік-экономикалық мәселелер басым. Жолдауда да Мемлекет басшысының осы бағыттарға ерекше назар аударғанын көріп отырмыз»,-деді жиналғандар.
Кездесуде мекеме жұмысшылары айтылған мәселелер бойынша сұрақ жауап алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті. Қала аумағында мұндай ақпараттық-насихаттық топтың жиындары жалғасын табатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 1 қыркүйекте өткен Парламенттің кезекті сессиясында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады, онда жаңа, әділетті Қазақстанды құру жөніндегі кезекті қадамдар белгіленді. Осы орайда жұмысшы тобы құрылып түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.