Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Самал-3 шағынауданына барды. Мұнда Мұрат Дүйсенбекұлы шағын ауданның А.Әбдраманов көшесіндегі балалар ойын алаңшасының құрылыс барысымен танысты. Мердігер мекеме “Ынтымақ Бес Арыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан салынып жатқан ойын алаңшасы мемлекет қаржысы есебінен 23,5 миллион теңгеге тұрғызылуда. Мекеме басшысына құрылыс жұмыстарын кестеге сай уақытылы тапсыруды жүктеді.
Одан бөлек, Абай ауданы аумағындағы 14 мекенжайда балалар алаңшасы және 3 шағынауданда спорт алаңшасы орнатылуда.
Айта кетсек, Самал-3 шағын ауданында бүгінде 27 мыңнан аса халық тұрады. Жалпы шағын аудан 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен, талшықты интернетпен қамтылған, сондай-ақ биыд 14 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ал, Нұрсәт шағынауданында 105, 106, 107, 108 көпқабатты үйлер ауласы абаттандырылып, көгалдандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі М. Әйтенов жауаптылармен бірге абаттандырылып жатқан аулаларды аралап, жұмыстардың барысын пысықтады. Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта жыл соңына дейін 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Алаңшалар Тұран, Нұртас, Таскен және Өтеміс тұрғын алаптары мен елдімекендерінде салынады. Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 34 аулаға жөндеу жүргізіліп, балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылатын болады.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасымен Shymkenт City шағын ауданында саябақтың құрылысы жүргізілуде. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағын ауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде.
Бұған дейін «Shymkenт City» аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған. Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде. Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады.