Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында «Қамқорлық» №8 балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына атбасын бұрды. Оңалту орталығының жұмысымен танысқан сенаторлар мекемнің мамандарымен әлеуметтік саланы дамыту, ерекше балаларды қоғамға баулу жұмыстарының жайын талқылады.
Елімізде 1,5-18 жасқа дейінгі ерекше балаларға оңалту шараларын жүргізетін орталық ең алғаш болып Шымкент қаласында өз жұмысын бастаған болатын. Мұнда бүлдіршіндер күніне 4 сағат ақысыз қызмет алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашылған мекеме «Қазақстан халқына қоры», «Самұрық Қазына» АҚ және «Қамқорлық қорының» демеушілігімен Финляндия, Жапония, АҚШ және Австрия елдерінің құрылғы жиынтығымен жабдықталған. Бұған дейін балалар өзге орталықтарда 3 ай ғана әлеуметтік қызмет алса, бүгінде олар осында мамандардан ем алып, қосымша біліммен қамтылып отыр.
– Кез келген адамның жалпыға ортақ қоғамдық ортада жүруге, білім алуға конституциялық құқығы бар. Ол үшін ең алдымен ерекше балаларды қоғамға бейімдеу керек. Қазір елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен инклюзивті қоғам құру бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. Бүгін ерекше күтімді қажет ететін балаларды оқшауламай, осындай орталықтарда мамандардың көмегімен қоғамға, қоршаған ортаға бейімдеу жұмыстарының сәтті жүзеге асып жатқанының күәсі болдық, — деді Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, Шымкентте қазір аутизммен ауыратын 220 бала тіркелген. Ал, «Қамқорлық» орталығында 110 бала екі ауысымда жарты күн әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде 40 бала ем қабылдап жатыр.
Қызмет алушы балалар үшін проекциялық интерактивті сенсорлық бөлме, сенсорлық- интеграциялық бөлмелері, ЕДШ залы, робототехника және лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған.
Балалар арнайы педагог мамандарының бақылауында болып, жиі медициналық тексеруден өтеді. Артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар балаларға логомассаж тағайындалды. Білікті мамандар сөйлеу қабілетінің дамуында бұзылыстары бар балалармен түзету-дамыту сабақтарын жүргізеді. Балалармен жұмыс істеу үшін орталықтың мамандары «Қамқорлық қоры» мен «Балама» оқыту орталығының келісімі негізінде біліктілігін арттыру курстарынан өткен.