Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Жолдасов Ержан Жақсылықұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Ержан Жолдасовтың сөзінше, Шымкент қаласындағы коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажет.
Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр.
Жобада қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға өңдеу, полигондағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру қарастырылған. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда. Жобаның құны — шамамен 200 миллион еуроны құрайды.
Айта кетейік, қазір қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды.
Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді.
Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағындағы жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап аудан әкімдіктерінен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өтті. Қазіргі таңда, әр ауданның мемлекеттік-жекеше әріптестері анықталып, қала аумағында жұмыстар қарқынды түрде ұйымдастырылуда.