ШЫМКЕНТ: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛЫП КӘСІПКЕР АТАНҒАН — МАҚПАЛ

Әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін берілетін қайтарымсыз грант қаржысы арқылы бүгінде көп отбасы кәсібін ашып, жағдайын жақсартып отыр. Шымкент қаласының тұрғыны 38 жастағы Мақпал Құлтаева да берілген мүмкіндікті оңды пайдаланып, он саусағынан өнер тамған шебер атанып жүр. Кейіпкеріміз 2023 жылы қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, комиссия бизнес-жобасына қажетті қаржыны мақұлдаған. Бұл қаржыға тігін машиналарын алып, қазіргі сәтте перде, қыз жасауы, ұлттық нақыштағы көрпеше тігетін цехтің жұмысын жандандыруда.

Бұған дейін тұрақты жұмысым болмады. Еден жудым, қоғамдық тамақтану орындарында ыдыс жуушы болып істедім. Уақыт өте тігін ісіне қызығушылық танытып, арнайы курс оқыдым. 2019 жылы Алматы қаласынан Шымкентке қоныс аударған кезімде жұмыс іздеп талай мекеменің табалдырығын тоздырдым. Күн көрісім қиындаған соң атаулы әлеуметтік көмекке жүгінуіме тура келді. 2020 жылы «Бақытты жанұя» орталығына кеңес алуға барғанымда мамандар тігін курсы тегін оқытылатынын айтты. Тігіншілік білімімді осы жерден жаңартып, кейіннен сол жерде өзім ұстаздық ете бастадым. Мен секілді жалғызбасты, әрі атаулы әлеуметтік көмек алушы әйелдерге қайтарымсыз грантқа құжат тапсыруға болатынын есітіп, бизнес-жобамды жазып шықтым. Тігін цехын ашу жөніндегі бизнес-жобаға комиссия өкілдері мақұлдап, грант иегері атандым, — дейді Мақпал Мәдіханқызы.

М.Құлтаева бүгінде шағын цехта екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Күн сайын перде мен көрпеге түсетін тапсырыстарды орындап, тұтынушылардың көңілінен шыққанына қуанышты.

Қайтарымсыз грант болмағанда бәлкім әлі кедейшілік шегінде өмір сүрер ме едім. Берілген мүмкіндіктің арқасында кәсіпкер атанып, әлеуметтік жағдайым жақсарып қалды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрмін. Түрлі жәрмеңке, көрме секілді іс-шараларға қалмай қатысамын. Енідігі мақсатым – шағын кәсіпті үлкен фабрикаға айналдыру. Бұл жөнінде арманым асқақ, мақсатым айқын. Қиын күндер артта қалды, — дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, мемлекеттік грант қаражаты – әлеуметтік осал топтар қатарындағы адамдарға ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Оның мөлшері 400 АЕК.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin