ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Қала әкімінің қабылдауында Бозарық тұрғын алабының тұрғындары балабақшадағы орын тапшылығына қатысты шағым білдірді. Әкім Ғабит Сыздықбеков №126 балабақшаның аумағын аралап, балаларға жасалған жағдаймен танысты.
Білім басқармасының басшылығы биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарлады. Ал орын тапшылығы мәселесін шешу үшін қала әкімі жауапты тұлғаларға қосымша ғимарат салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, әкім Тельман шағынауданында салынып жатқан 1200 орындық мектеп құрылысын тексерді. Бұл білім ордасы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс басқармасының басшысына жұмыстың сапасын қатаң бақылауды және нысанды уақытында аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ әкім қалалық №1 клиникалық ауруханасы мен №2 және №13 емханалардың жұмысымен танысты. Ол ота бөлмелері, госпитальдық фармация бөлімі, медициналық жабдықтар, палаталар мен дәрігерлік кабинеттерді аралап, медицина қызметкерлерімен кездесті. Әңгіме барысында денсаулық сақтау саласын қолдау басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бұл саладағы барлық шаралар өзекті қажеттіліктерге сәйкес жетілдіріліп, толықтырылатын болады.
Әкім денсаулық сақтау басқармасына медициналық жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге, №2 емхананың аумағын абаттандыру, автотұрақты жөндеу және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктерін ескеру міндетін жүктеді.
Аралау соңында қала әкімі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің барысын тексерді. Мердігер мекемеге жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin