Шымкент қаласының ортасынан ағып өтетін Қошқар ата өзеніне тоқсан сайын мониторингтік зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша, Кошқар-Ата өзені, 2023 жылы жоспарлы мониторинг бойынша 4 рет зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысында Қошқар ата өзеніне темір жол маңындағы Тиара қонақ үйінің жанындағы белгісіз кәрізден және ескі қала аумағындағы өзен жағалауында орналасқан тұрғын үйдің (Бостандық көшесі, №27 үй) кәрізінен сарқынды су түсу деректері анықталды.
Ермахан Қозыбаевтың айтуынша, Шымкент қаласының атмосфералық ауасының жағдайы және ауаның ластануына «Казгидромет» мекемесінің 6 стационарлық бекеттері арқылы мониторинг жүргізіледі.
Мегаполистің ұлғайып, өнеркәсіп орындары мен көліктің көбеюі де экологияға әсер ететіні аян. Индустриалды аймақтар маңындағы аудан тұрғындары түнгі уақытта ауа ластанып, тыныс алу нашарлайтыны жайында көп шағымданған. Осындай талап арыздар бойынша департамент тарапынан индустриалды аймақтардағы 13 кәсіпорынға тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 32,2 млн. теңгеден астам 29 әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ, департамент тарапынан ЖАО-мен бірлесіп, Департаменттің деректері бойынша анықталған стихиялық қоқыстарды жою бойынша рейдтер жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Басқарма басшысы полиция департаментімен бірлесіп, көлік шығарындыларын бақылау бойынша рейд жүргізудің де оң нәтиже бергенін атап өтті.
Қала аумағында жыл сайын 120 мың көшет егу, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстары жоспарға сәйкес уақытылы атқарылған.
Айта кетейік, Шымкентте 2023 жылы арыз-шағымдар бойынша экологиялық талаптарды сақтамаған 20 кәсіпкерлік нысанға, 4 коммуналдық мемлекеттік мекемеге тексеру жүргізіліп, 48 әкімшілік іс қозғалғанын, 44 әкімшілік іс бойынша жалпы сомасы 37,5 млн теңгеден аса айыппұл салынғанын да айтты.