Магистральды көшелерде санитарлық, механикалық және қолмен тазалау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Қазір арнайы бригадалар газондарды орып, ағаштар мен жасыл желектерді зиянкестерден, күннен қорғау үшін әктеуге кірісті. Жауын- шашын салдарынан су алу қауіпі бар аумақтар да қатаң бақылауға алынды. Шымкент қаласы баспасөз орталығы осындай хабарлама таратты. Хабарламада қаладағы 443 магистральды көшенің тазалығына 5 мердігер мекеме бекітілгені жазылған. Орталық көшелерді тазалау жұмыстарына күн сайын 1500-ге жуық жұмысшы, 100-ден аса техника жұмылдырылуда.
Сондай-ақ ішкі орам көшелер мен қоғамдық орындарда, көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларда тазалық жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.
Еске сала кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте аудандардағы ретсіз сауда мен санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Қазіргі таңда қала аумағындағы тазалық шараларына 300-ден астам адам, 50-ден аса техника жұмылдырылған. Арнайы бригадалар 40-қа жуық секторда жұмыс жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтар көпқабатты тұрғын үйлерден күн сайын, жеке секторлардан аптасына 1-2 реттен жиналуда.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтауда қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жауаптыларға аудандарда ретсіз саудамен күресті жою үшін рейдтік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды. Одан бөлек, қала әкімі жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартудағы жоспарларымен танысты. Аталған жұмыстар 5 бағытта жүргізіліп жатыр.