Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Серік Әуесхан Досболұлы — шомылу кезеңінде су айдындарында қауіпсіз демалуды ұйымдастыру шаралары туралы түсіндірді.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі қызметтік міндеттерінің бірі қала аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінгі күні, Республика бойынша су айдындарында 43 адам суға батты, оның ішінде 17-і бала. Салыстырмалы түрде көршілес Түркістан облысында жыл басынан бері 5 жазатайым оқиға орын алған.
Шымкент қаласы бойынша су айдындарында 1 жазатайым оқиға тіркелген.
Қаламыздың климаттық жағдайына байланысты, судағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар сәуір айынан бастап қарқынды түрде жүргізілуде.
Сондай-ақ, қала әкімдігінің («2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар туралы») қаулысына сәйкес қала әкімі Ғ.Сыздықбековпен іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті мекемелерге орындау үшін жолданған.
Аталған жоспар, мүдделі мемлекеттік органдардың жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті іс-шаралар кешенін қамтиды.
Айта кетейік, қалада шомылуға тыйым салынған 13 орын айқындалып, 72 ескерту белгілері орнатылған. Сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 195 рет рейд жүргізіліп, 20952 адам қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізілуде.
Бұқаралық ақпараттық құралдарында және әлеуметтік желілерде, адамдар көп шоғырланатын орындарда LED экрандар арқылы «Судағы қауіпсіздік шаралары» бойынша бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылуда және тұрғындардың мобильді телефондарына 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жолданып отыр. Осы орайда, Әуесхан Досболұлы барлық қала тұрғындары мен қонақтарын ескерту хабарламаларға назар салуын сұрады.