Шымкентте «Азаттықтың ақ таңы» атты мерекелік іс-шрасы өтті

Шымкент қаласыгдағы «Tulip hall» ғимаратында 25 қазан —Республика күніне арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Онда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйлеп, Ұлттық мерекенің мән-мағынасы жөнінде айтты.

—Республика күні —елдік пен бостандықты, мемлекет бірлігі мен патриотизмді дәріптейтін ұлы мереке. Рухымызды қайта жаңғыртып, ұлттық мүддеміз бен тарихи бейнемізді биікке көтеру – біздің ұрпаққа жүктелген асыл борыш.

Бұл күн – Қазақстан Республикасының негізі қаланған тарихи сәт ретінде аса қымбат. Ұлттық мерекеміздің маңызын жас ұрпаққа жеткізу, патриоттық сезімді күшейтіп, ел бірлігін сақтау – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы, — деді Ғабит Әбдімәжитұлы. —Қазіргі уақытта әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісіп тұрғаны бәрімізге белгілі. Әскери қақтығыстар, экономикалық дағдарыстар, экологиялық қауіптер, терроризм мен экстремизм жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр. Сонымен қатар әлем елдері киберқауіпсіздікке қатысты жаңа сипаттағы сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Осындай күрделі кезеңде Қазақстанның өркениет көшінен қалмай, тұрақты даму жолын жалғастыруы үшін халқымыздың бірлігі мен тұрақтылығын сақтау өте маңызды.

Сонымен қатар қала әкімі осынау мерекеге Шымкент қаласының да зор жетістіктермен келіп отырғанын баяндады. Оның айтуынша, Шымкент қаласында да экономиканы дамыту мен халықтың тұрмысын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаламызда кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып, инвестиция тарту көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл қалаға 928 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,1 пайыз көп.

Алдағы үш жылда 3,6 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 2028 жылға дейін жүзеге асатын 220 инвестициялық жоба дайындалды. Бұл жобалар арқылы 29 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал етеді.

Қаламыздағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де жақсарып келеді. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6 пайызға өсті. Қаланың бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда 122 миллиардқа артып, 779 миллиард теңгеге жетті. Оның 50 пайызы әлеуметтік саланы қолдауға бағытталды, себебі халық атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көруі тиіс.

Салтанатты жиында өзінің кәсіби міндеттерін мүлтіксіз атқарып, қоғамның ортақ мүддесіне адал қызмет еткен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық,

рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматтар түрлі мемлекеттік наградалар, Алғыс хат және Грамоталармен марапатталды. Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin