Шымкентте МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізгендігін атап өтті. Науқастардың қымбат бағалы медициналық көмек алып, біраз дүниенің қолжетімділігіне алғыстарын білдіріп жатқанына да куәміз. Жалпы, МӘМС жүйесінің енгізілуі халықтың медициналық көмекке қолжетімділін арттыра алды ма? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Үскенбайқызымен сұқбаттастық.

 

Қайырлы күн, Арапкүл Үскенбайқызы! МӘМС жүйесінің енгізілуі халықтың медициналық көмекке қолжетімділін арттыра алды ма?

 

  • Қайырлы күн. Иә, сұрағыңызға рахмет. Соңғы 3 жылда елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу есебінен мемлекеттік бюджеттен тыс медициналық көмек көрсетуге 2,5 трлн теңгеден астам қаражат бағытталды, бұл медициналық көмекті қаржыландыруды 2,5 есе арттырды! Сақтандыру қаражаты пациенттерге қымбат тұратын тексерулер мен операцияларды қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Кардио және нейрохирургияны, ЭКҰ, трансплантологияны қаржыландыру 3,5 есе артты. Медициналық оңалтуға және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге бөлінетін қаражат көлемі 12,5 есе өсті.Азаматтарымыз жоғары білікті медициналық көмек ала алады, отбасылық бюджетке үлкен шығындар түседі деп алаңдамайды. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан,  барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, узи, қымбат бағалы КТ,МРТ сынды медициналық көмекті ала алады. Естеріңізде болса, КТ, МРТ сынды қымбат медициналық диагностикалық қызметтер 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ғана  тегін көрсетілген. Бүгінде  барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қол жетімді. Яғни, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласы екі көзден  қаржыландырылып, бірінші кезекте қарапайым халықтың медициналық көмек алуда көп мүмкіндіктері пайда болды. Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры дерегінде жеткізуші болып табылатын 22 медициналық мекеме КТ, 17 мекеме МРТ және 36 медициналық ұйым сандық  рентгенография қызметін көрсетеді. Сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалған жоқ. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде науқастарға шұғыл  жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиация; амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, шұғыл жағдайда көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулардың диагностикасы және емдеу; стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түрлері көрсетілуде. Осы жылдар ішінде МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін жеке медициналық қызмет жеткізушілерінің үлесі 64%-ға дейін өсті.

 

Ал, Шымкент қаласында қанша ұйым МӘМС шеңберінде  қызмет көрсетеді?

  • Шымкентте 189 медициналық ұйым халыққа МӘМС шеңберінде қызмет көрсетеді. Оның 34-і мемлекеттік, 155-сі жекеменшік медициналық ұйымдар.Еңбастысы халықтың таңдау құқығы бар.

 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі медициналық ұйымдардағы жоғары технологиялардың дамуына  ықпалын тигізе алды ма? Мәселен, кезінде күрделі ота жасату үшін халық елорадаға немес Алматыға барып жасатушы еді. 

 

  • Шымкентте МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқанын дербес сарапшылар да растауда. Ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде де күрделі ота түрлерін жасау қарқын алған. Қазіргі таңда қалада ЖТМК түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Өздеріңізге белгілі, Шымкент жүрек орталығында жасанды жүрек отасы жасалуда. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаның құны 77 миллион теңгені құрайды. Көмекші механикалық құрылғы науқастың қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды. Соңғы 4 жыл ішінде мұндай 13 ота жасалған. Сонымен қатар №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлер құрамы адам ағзасын ауыстыру оталарын сәтті жасауда.  Барлығы да МӘМС есебінен қаржыландырылады.

 

Емдеу процесінде науқастарды оңалту шаралары аса маңызды. Әрине, дәрігерлер барлық ем-домын жасайды. Бірақ, аурудан кейінгі оңалу жағдайына қаншалықты көңіл бөлінуде?

  • Шымкентте бүгінгі таңда 72 медициналық ұйым науқастарға медициналық оңалту шараларын көрсетуде. Емдеу мекемелері кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша ем-дом жасайды. Медициналық оңалту МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға қол жетімді және науқастардың қалыпты өмірге қайта оралуларына орасан көмегін тигізуде. Жыл басынан бері дәрігерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 2000-ға жуық адамға оңалту шараларын көрсеткен. Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да аурулардың асқынуында отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралулары оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға ерекше көңіл бөлінген.

 

Есепте тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда?

 

  • Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Шымкентте бүгінгі таңда амбулаториялық тегін дәрі -дәрмек 123 нозология бойынша босатылуда. Науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен. Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда емхананың дәріханасынан дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Ал, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.

 

Арапкүл Үскенбайқызы, осы орайда медициналық ұйымдардың қызмет көрсету сапасына байланысты түскен шағымдарға тоқталып өтсеңіз. Алдағы уақытта саланы жетілдіру үшін қандай жұмыстар атқарылмақ?

 

  • Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында МӘМС жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы, медициналық қызметтерді жалған көрсету және алаяқтық тәуекелдерін төмендету мәселесін атап өтті. Өткен жылы Медициналық сақтандыру қорының тексерулері нәтижесінде елімізде жеткізушілер тарапынан 43 мың жалған қызмет анықталған. Онымен күресу үшін пациенттердің медициналық қызметтерді алғанын растауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар қолданылатын болады.  Пилоттық жобалардың бірі — пациентті Face ID немесе цифрлық құжатты қолдану арқылы сәйкестендіру технологиясын енгізу. Медициналық ұйымға жүгінген кезде пациентті дәл әрі жылдам сәйкестендіру медициналық қызметтерді тағайындау және көрсету кезінде кемшіліктер тәуекелін азайтады.  Сондай-ақ бұл медициналық процедуралар мен қызметтердің орындалуын бақылауды жақсартады, деректердің дұрыстығын қамтамасыз етіп, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп көрсететін фактілерді азайтады. 

 

Арапкүл Үскенбайқызы, қыркүйек айынан бастап емханаларға тіркелу науқаны басталғаны белгілі. Шымкентте қазіргі таңда қанша емхана қызмет көрсетеді және тұрғындарға тіркелу қаншалықты маңызды?

  • Дұрыс айтасыз, 1 қыркүйектен бастап 1 қарашаға дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту науқаны басталды. Тұрғындар үшін емхананы еркін таңдау науқаны өтуде. Дәрігер тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылай алуы үшін тұрғылықты жеріне тікелей жақын емхананы таңдау ұсынылады. ЭЦҚ болған жағдайда емханаға www.e.gov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тіркелуге болады. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 58 емхана қызмет көрсетеді. Емдеу мекемелерінде 1 231 067 азамат тіркелген. Тұрғындар үшін емханаға тіркелудің маңыздылығы орасан. Бірінші кезекте дәрігерге көріну, бейінді мамандарға қаралу, консультациялық-диагностикалық қызмет алу, диспансерлік есепте тұрған азаматтарға тегін дәрі -дәрмек алу қызметтері көрсетіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде скринингттік тексерулер бар.Сонымен қатар, осы эфирді пайдаланып айтқым келіп отыр. Қор филиалының ұйымдастыруымен Шымкентте 1 қыркүйектен бастап медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін мекемелер арасында байқау басталды.  Үздік емхана МӘМС жүйесінде қамтылған азаматтар санының көрсеткіші, арыз-шағымдар санының төмендеуі, медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары мен қағидаттары туралы ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялау сынды байқау шарттарының негізінде анықталады. «МСАК үздігі» байқауының қорытындысы 2024 жылдың 15 желтоқсанында жарияланады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жалпы, медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін мекемелер арасындағы байқау еліміздің әр өңірінде өтуде. Алғашқы байқау маусым айында Қарағанды облысында өткен болатын.

 

Биыл медициналық ұйымдардың қызметіне қатысты қанша шағым түсті?

  • Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда тұрғындар тарапынан түскен өтініш саны едәуір төмендеген. Мәселен, былтырғы жылдың 8 айы ішінде 1414, қолдау 24/7 қосымшасы мен қордың ресми сайты арқылы 26 088 өтініш түскен. Оның 854-і арыз-шағым. Биыл дәл осы уақыт аралығында 3141 өтініш түскен. Оның ішінде 989-ы қызмет сапасына, медициналық көмектен бас тарту және ұзақ күту, дәрі-дәрмектің берілмеуі мен көрсетілмеген қызметке байланысты шағымдар.

 

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin