Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Шымкентте әр айдың сәрсенбісінде тұрғындарды бірыңғай қабылдау өтеді. Бұл сәрсенбідегі кезекті қабылдау барысында Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері, сонымен бірге полиция және прокуратура өкілдері азаматтарды қабылдады.
Тұрғындар түрлі абаттандыру және коммуналдық-шаруашылық, бизнес жүргізу, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, энергетика, білім беру , автомобиль жолдары, жер қатынастары және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды. Қала әкімі әрбір өтінішті егжей-тегжейлі қарап, барлық шешімдер заң шеңберінде қабылданатынын атап өтті.
Шара барысында 250-ден астам азаматтың өтініші қаралды. Қабылдау кезінде көптеген сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берілді, ал күрделі мәселелер талдауды қажет ететіндіктен әкімнің жеке бақылауына алынды.Сондай-ақ, әрбір өтініш жан-жақты қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады.
Жалпы, мұндай қабылдаулар тұрғындардың мәселелері бойынша жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Осыны ескерген қала әкімі жауапты қызметкерлерге халықпен кері байланысты күшейтуді және мәселелерді шешу барысында азаматтардың ұсынысы мен тілектерін ескеруді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің ай сайынғы азаматтарды жеке қабылдауларында және аудандарды аралау барысында тұғындардың тарапынан түскен өтініш-тілектері ескерусіз қалмайды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі ақпаратты жай ғана тарату немесе «жоғарыдан төменге» саясатын жүзеге асыруға қарағанда, тиімді басқару бұдан да көп нәрсені қажет ететінін көрсетеді. Яғни кері байланыс, идеялар мен қоғамдық пікірді белсенді іздеудің маңызын мойындайды. Бұған қол жеткізуге жәрдемдесетін түрлі құралдар бар: қоғаммен кеңесу, сауалнамалар, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері.
Үшінші мегаполис басшылығы осы тұжырымдама негізіндегі жұмыстарын жалғастыра бермек.
«ANYQ.KZ-ақпарат»