Шымкентте адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасуда

Вакцинациялау жұмыстарының алғашқы күнінде №1 қалалық емхана мамандары 35 мектептегі медициналық кабинетте егу жұмыстарын жүргізді. 11 жастағы қыздарға екпе егу жұмыстарына ата-аналары қатысып, вакцина турасында пікірлерін білдірді.

Шымкент қаласында адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жалғасуда. Қалада бүгінгі күнге 2036 қыз екпе алды. Вакцина қаладағы білім беру мекемелерінің егу кабинеттерінде, арнайы егу бригадасының қызметкерлерімен егілуде. Екпеге дейін дәрігерлер қыздардың денсаулық жағдайын қарап, тексеруден өткізеді. Егер баланың денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімдері немесе денсаулығына шағымы болмаса, ата-анасының не заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімімен екпе салынады. АПВ-ға қарсы вакцинация алу тегін және қаламыздың емханаларында қолжетімді.

Егулер мектептердің медициналық кабинеттерінде жүргізіледі және тұрғылықты жері бойынша емханалардан алуға болады.

Қазақстанның бас санитар дәрігері жатыр мойны обырын қоздырушы папиллома вирусына қарсы вакцина салуды ұйымдастыру және өткізу туралы қаулыға қол қойды.

Қаулыға сәйкес, екпе 11 жастағы қыздарға салынады. Одан бөлек, 12-13 жастағы қыздарға қайта екпе салу да қарастырылған.

Екпе балаларға ата-аналары немесе заңды өкілдерінің рұқсатымен – мектептен кейін медицина кабинеттерінде салынады. Ата-аналары қаласа, вакцинаны тұрақты мекенжайдағы поликлиникада да салдырта алады.

Папиллома вирусына қарсы вакцинация алты ай аралық үзіліспен екі рет салынады.

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті өкілдерінің хабарлауынша, папилломаға қарсы екпе науқанында АҚШ-та өндірілген екпе пайдаланылмақ. Ол вирустың 16 және 18-түрлеріне қарсы күресуге арналған.

Жаппай вакцинация кампаниясы күзде басталған. Кей ақпаратқа қарағанда, аймақтарда жүздеген қызға екпе салынған.

Қазақстан билігінің мәліметінше, адам папиллома вирусына қарсы екпе әлемнің 135 елінде қолданылады. Нәтижесінде кей мемлекеттерде әйелдерде жиі кездесетін қауіпті кеселдің таралуы 90пайызға дейін төмендеген. Ал елдегі жағдай керісінше. Жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі — екінші орында, 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің екінші себебі болып отыр. Жыл сайын осы вирусқа 900 адам шалдығады.

«Папиллома вирусына қарсы епке салу елімізде 2013 жылы басталды. Қазір статистика әр 2 күн сайын 3 әйелдің жатыр мойны обырынан қайтыс болатынын көрсетіп отыр. Бізде бұл аурумен күресетін мүмкіндік бар. 150-ден астам елде вакциналау қабылданды. Аустралия мен Италия жатыр мойны обырының алдын алды деп мәлімдеме жасады. Ерте жастан бастан вакциналау, сондай-ақ скрининг жүргізіледі. Қазақстанда скрининг 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін тегін жүргізіледі», – деді ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.

Елде 175 мың қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салу жоспарланған. Екпенің екінші дозасы қарашада жеткізіледі.

«Вакцина барлық өңірге жетті. Оның ішінде Қарағанды, ШҚО, БҚО, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ақмола, Ұлытау облыстары мен Астана қаласында адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жұмысы басталып жатыр. Осы аталған өңірлерде 1600-ден астам қыз балаға егілді», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.

Ресми дерекке сүйенсек, елде жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жылына қатерлі ауру диагнозы 1800 әйелге қойылады. Дерт орта жастағы  әйелдердің арасында кеңінен тараған.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin