Шымкентте «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында демеушілердің есебінен ерекше балаларға арналған ойын алаңшасы қайта жаңғырып, қолданысқа берілді.
Осындай қуанышты күнге орай, орталық ауласында қаламыздағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алатын мүгедектігі бар азаматтардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарынан көрме жасақталды.
«Аялы алақан» №5 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруына шалдыққан 118 бала жартылай стационарда қызмет алып жатыр. Мекеме алдындағы ерекше балаларға арналған ойын алаңшасы қала әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, жөнделіп, шатыр жабылды.
Ерекше балалардың арманын орындаған демеуші – «Югстройсервис-Н» ЖШС-і директоры Арман Бекенов. Ойын алаңшасының ашылу салтанатына қатысқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жомарт жанға алғыс айтып, ризашылығын білдірды.
–Орталықта қызмет алып отырған әр ерекше баланың бойындағы кішкентай оң өзгеріс біз үшін үлкен жеңіс. Балаларымыздың орталық ауласында алаңсыз балалық шағын өткізуіне қамқорлық жасаған Арман Данабекұлына рақмет айтамыз. Тәуелсіз еліміздің өркендеп, кемелденуі жолындағы атқарған қайырлы істері, осындай ерекше күтімді қажет ететін балаларға жаған қамқорлығына мың алғыс, — деді басқарма басшысы.
Салтанатты іс-шарада қаламыздағы мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, күмбірлеген күйі мен балаларға мерекелік қуаныш сыйлады. Балғындарға анаимациялық кейіпкерлер түрлі ойындар ұйымдастырып, мерекенің шырайын ашты.
Мұнан кейін орталықтан қызмет алушы ерекше балалар «Sofiya Sweet» тәттілер орталығы жазған дастарханнан дәм татты.