Шымкентте ең үлкен мешіт ашылды

Шаһарда жаңадан бой көтерген «Сейітжан қари Есжанұлы» атындағы үлкен мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, дін ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, зәулім мешіттің ашылу рәсіміне Меккеден шейх Осман Тоhа да арнайы келген.

Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Үлкен мешіт Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Бір мезетте 12 мыңға жуық адам мінәжәт ете алатын мешіт ұлттық нақышпен үйлестіріле классикалық ислам стилінде безендірілген.

Қала әкімі көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, еңселі мешіт асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосатынын атап өтті. Ғабит Әбдімәжитұлы қасиетті Құранды қолымен жазған шейх Осман Тоhаға сый-сыяпат жасады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да жаңа мешіт елге қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.

-Алланың үйі мешітіміз құтты болсын. Осы мешітің салынуына қолдау көрсеткен қала әкіміне ерекше алғыс айтамын. Ғасырлар бойы дінімізге қызмет ететін мешіт салып берген Серікжан Сейітжанұлы ағамызға да алғысымыз шексіз. Еңселі мешіт елге, дінге қызмет ете берсін, — деді Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият атынан Осман Тоhаға шапан жауып, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, жиында ҚР Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков ізгі тілектерін айтты. Іс-шара соңында Бас мүфти жамағатқа уағыз айтып, жұма намазын өткізді.

Айта кетсек, мешіт кешенінде ислам тарихының мұражайы, әйелдерге арналған оқу орны, медресе, кітап оқитын залы бар кітапханалар орналасқан. Сонымен қатар әкімшілік бөлмелер, телеорталық, фитнес орталық пен  асхана да қарастырылған. 736 орынға арналған жерасты паркингі де жұмыс істеп тұр. Көгалдандырудың жалпы аумағы — 4 гектар.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin