Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы — Орынтаев Бауыржан Орынбасарұлы БАҚ өкілдеріне басқармасының 2024 жылдың 1 жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындылары туралы айтып берді
Шымкент қаласында кәсіби және атаулы мерейтойлар аясында мәдени өмір қыза түсті. Жыл басынан бері бірқатар айтулы шаралар өтіп, қаланың мәдениет саласы ерекше серпін алды. Мәселен, жазушы Момбек Әбдіәкімұлының 65 жылдығына және сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Көрнекті драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай «Қарт Қожа» драмасының премьерасы көрермендер назарына ұсынылған.
Орынтаев Бауыржанның айтуынша, жыл соңына дейін қалада бірқатар маңызды мәдени оқиғалар күтілуде. Атап айтқанда, қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізіліп, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына орай жыр мүшәйрасы мен шығармашылық кеш ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ, мәдениет мекемелерінің де айтулы мерейтойларын атап өтуге дайындық қызу жүріп жатыр. А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың 125 жылдығы, Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 95 жылдығы және Көпшілік орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 70 жылдығы осы жылда кең көлемде тойланатын болады. Бұл іс-шаралар қаланың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалар болып, тұрғындардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға үлес қоспақ.
2024 жыл Шымкенттің мәдени өмірінде ерекше оқиғаларға толы болды, әсіресе, «Қазына» би ансамблінің жеңістері елдің назарын аударды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнердің биік шыңына қол жеткізіп жүрген ұжым 19 наурыз күні Астана қаласында өткен «НАУРЫЗ-2024» республикалық байқауында «Үздік ұлттық би ансамблі» атағын жеңіп алды. Бұл марапат ансамбльдің өнердегі кәсібилігі мен ұлттық мұраға деген зор құрметін дәлелдеді.
Сәуір айында «Қазына» би ұжымы халықаралық деңгейде де өзінің өнерін көрсетті. Ресейдің Пенза қаласында өткен VIII халықаралық хореографиялық өнер фестиваліне қатысқан ансамбль «ПРОФИ» номинациясында гран-при иегері атанып, қазақ би өнерінің әлеуетін тағы бір рет дәлелдеді. Одан бөлек, халық және заманауи билер бойынша төрт түрлі номинацияда I орынды иеленді. Ал Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен II Халықаралық «LAZGI» би фестивалінде I орынға ие болған ансамбль халықаралық деңгейдегі танымалдылығын одан әрі арттырды дейді, Бауыржан Орынбасарұлы.
Ансамбль тек байқаулармен шектелмей, гастрольдік сапарлармен де белсенді түрде өнер көрсетуде. «Қазына» ұжымы «Қазыналы алтын сандық» концерттік бағдарламасымен Көкшетау, Петропавл, Астана қалаларына сапар шегіп, көрермендердің қошеметіне бөленген. Ұжымның биік жетістіктері Шымкенттің мәдени дамуына зор үлес қосып, қаланың беделін халықаралық деңгейде арттыра түсуде.