Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасы 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай Шымкент қаласы мен Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармаларының қолдауымен оқу орнында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара барысында жетекші мамандар баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті. Ғылыми зерттеулерінің нәтижелері ұсынылды.
«Пәнаралық неврология» конференциясы неврология саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандарды біріктірді. Олардың қатарында Қазақстан, Ұлыбритания, Германия, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Өзбекстаннан келген неврологтар, нейрогенетиктер, нейрохирургтар, реабилитологтар, нейрофизиологтар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер бар. Ауқымды іс-шараға қатысқан мамандардың бірі — Астанадан келген балалар неврологы Алтыншаш Жақсыбаева.
Алтыншаш Жақсыбаева, балалар неврологы: «Қазіргі таңда оңтүстік аймақтың балалар неврологтары өте үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Олар барлық ауру түрлерін емдеп келеді, тіпті еуропалық мамандармен деңгейлес десем де болады. Дәрігерлер мұндай конференцияларда жоғары деңгейлі баяндамаларын жасайды, сондықтан оңтүстік өңір мамандары әлемнің көптеген елдерінде танымал».
Конференция ақпараттық және білім беру тұрғысынан үлкен маңызға ие. Өйткені жүйке жүйесі аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас неврологы Нәзира Жарқынбекованың пікірінше, Шымкентте жақын және алыс шетелдерден неврология саласының ғалымдары қатысатын халықаралық конференция өткізу дәстүрге айналған.
Назира Жарқынбеова, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас неврологы: «Бұрын жүйке жүйесі ауруының емі жоқ деп айтылып, ол науқастар назардан тыс қалатын. Қазіргі уақытта бұл науқастарды емдеуге арналған мақсатты терапия пайда болды және сондай пациенттерді анықтау үшін скрининг диагностикасы күшейтілді».
Конференцияда жүйке, тыныс алу, бұлшық ет, жүрек-қан тамырлары мен зәр шығару жүйелері, асқазан-ішек жолдары, көру мүшелері, буындар мен тері сияқты сирек кездесетін ауруларға ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынның негізгі мақсаты бұл жаңа деңгейге көтеру болып табылады. Сондай-ақ Ұлыбритания, Испания, Ресей, Түркия, Германия, Эстония, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің ғалымдарымен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды, бұл неврологиялық ауруларды емдеуде алдыңғы қатарлы тәжірибе мен инновациялық тәсілдерді алмасуға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»