
Қаржылық қауіпсіздік – бүгінгі қоғамда әр азамат үшін маңызды әрі өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, интернет пен цифрлық технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған кезеңде қаржылық алаяқтық түрлері де түрленіп отыр. Осы орайда жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды стратегиялық міндетке айналды.
Сәуір айынан бастап Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте «Қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында ауқымды дәріс өткізіліп жатыр. Шараның басты мақсаты – жастарды қаржылық алаяқтардан қорғау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және саналы шешім қабылдауға үйретуге бағытталған.
Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен дәріске университет ректоры Дархан Ахмед-Заки, Шымкент қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының, әсіресе жастардың қаржылық сауатын арттыру, оларды алаяқтықтан сақтау үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл бастаманың аясында өтіп жатқан дәрістердің жастарға нақты көмегі тиіп жатқанына сенімдіміз, – деді Дархан Жұмақанұлы.
Дәріс барысында мамандар «XXI ғасырдағы сандық тұзақтар», «Дроптар деген кімдер?», «Қаржылық пирамидаға қалай алданбауға болады?», «Онлайн несие және оның қаупі» сынды өзекті тақырыптарды қарапайым мысалдар, бейнероликтер, сұрақ-жауап ойындары және интерактивті форматтағы тренингтер арқылы түсіндірді. Сондай-ақ алған қаржылық сауаттылық туралы білімдері тексеріліп, көп ұпай жинаған студенттерге сыйлықтар табыс етілді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 29 қаржылық пирамида анықталып, 327 алаяқтық чат бұғатталған. Бұл чаттарға қатысушылар саны 1,5 миллионнан асса, олардың көпшілігі жастар екені мәлім болды.
Қазір кең тараған алаяқтық түрлеріне қаржылық пирамида, интернет алаяқтық, әлеуметтік инженерия, дроптарды пайдалану кіреді. Соның ішінде қаржылық пирамида – «жеңіл жолмен байып кетемін» деген сенімге ие азаматтарды алдау арқылы қаржысын иемдену, ал интернет алаяқтық – жалған сайттар мен қосымшалар арқылы банк карталарының деректерін ұрлау. Сонымен қатар адам психологиясын қолдану арқылы құпия мәліметтерді сұрап алатын әлеуметтік инженерияны сәтті пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, аңғал халыққа арамза молда болып отырғандар бөтен біреудің атына банк шоттары немесе карта ашқызып, оны қылмыстық жолмен пайдалануға үйір болып кетті.
Сондықтан мамандар, әсіресе, дроптар тақырыбына тоқталып, жастарды абай болуға шақырды. Себебі соңғы жылдары «жұмыс ұсынамыз», «ақша табудың оңай жолы» деген желеумен жастардың жеке мәліметтерін бөгде адамдарға беріп, өздері де заң алдында жауап беруге мәжбүр болып отыр.
Іс-шараға белсенді қатысушылар мен танымал тұлғалар қолдау көрсетті. Айталық, жастар арасында танымал «Миллион» жайдарман командасы мен әнші Machenski арнайы шақырылып, сахнадан өздерінің алаяқтардан қалай сақтанатыны туралы тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастарды әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді сілтемелерден, күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырып, өз аудиториясына нақты кеңестер берді.
Қаржылық сауаттылық тек ақша үнемдеу немесе дұрыс жұмсау емес, бұл өмірдегі тәуекелдерді болжай білу, алаяқтықтан қорғану, болашаққа сенімді қадам жасау. Сол үшін мұндай дәрістер мен түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Университет студенттері белсенділік танытып, мамандардың қойған сұрақтарына жауап беріп, тақырыпқа қызығушылық білдірді. Шындығына келгенде, жастардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің болашағына инвестиция жасау деген сөз. Осындай бастамалар еліміздегі қаржылық мәдениетті қалыптастыруға, ал жас буынның саналы азамат ретінде қалыптасуына зор үлес қосады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.