Шымкентте шахматтан «KMF TENGE CHESS OPEN CUP 2024» турнирі өтті

Шымкент қаласында Ұлттық валюта – теңге күніне орай шахматтан «KMF TENGE CHESS OPEN CUP 2024» турнирі ұйымдастырылды. Бұл жарыста 12 жасқа дейінгі және 16 жасқа дейінгі қатысушылар бақ сынады. Зияткерлік сайысты өткізудегі басты мақсат – өрендердің білім көкжиегін кеңейтіп, теріскейде аталған спорт түрін дамыту.

Шахмат – бірегей білім беру құралы. Сондықтан, көптеген елдердің мектеп бағдарламасына енгізілуі кездейсоқ емес. Шахматта ойнау математикалық қабілетті, логиканы, стратегиялық жоспарлау құру дағдыларын, төзімділікті, жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Жалпы турнирдің мақсаты – мектеп жасындағы балалар арасында салауатты өмір салтын және шахмат спорт түрін насихаттау, жас дарындарға қолдау көрсету, зияткерлік спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру,-дейді Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қаласындағы филиалының ұйымдастырушы-менеджері Сейтжамал Асатуллаұлы.

Турнирдің әр кезеңінде қатысушылар өздерінің шеберліктерін сынап, күшті қарсыластарымен жарысқа түсті. Жарысқа 100-ден астам шахматшы қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінді. Әрбір ойыншылар арасында теңгемен байланысты, білім беру мен спортты үйлестіретін қызықты сәттер көп болды. Турнирде жас ойыншылар ғана емес, тәжірибелі шахматшылар да бақ сынап, өздерінің тактикалық және стратегиялық білімдерін көрсетті.

Шахмат жарысы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді, ал биылғы жылы жарысқа қатысушылар саны айтарлықтай артты. Бұған дейінгі турнирлерде жеңімпаздар командалық есеп бойынша анықталса, биылғы жарыста жекелей есепте де мықтылар марапатталды. Бұл жаңашылдық қатысушылардың ынтасын арттырып, жарыстың тартысты өтуіне себеп болды. Жарыс соңында жүлделі орын иелеріне ақшалай сыйлықтар мен медальдар табысталды. Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен алғыс хаттар да берілді.

Жалпы, бұл турнир Шымкент қаласында шахматқа деген қызығушылықты арттырып, жас дарындарды ынталандырып, шахмат ойындарының маңыздылығын кеңінен танытуға зор үлес қосты. Турнир барысында балалардың шахматқа деген сүйіспеншілігі артып, олар өздерінің болашақтағы жетістіктері үшін жаңа мақсаттар қойып, үлкен жеңістерге ұмтылыс білдірді.

Шахмат секілді зияткерлік спорт түрлерінің дамуы, әсіресе балалар арасында, тек интеллектуалды қабілеттерді емес, сондай-ақ төзімділік пен әділеттілік, шыдамдылық сияқты қасиеттерді де қалыптастырады. Осылайша, шахмат турнирі балалардың жан-жақты дамуына, ой-өрісін кеңейтуге және салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етеді.

 

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin