Шымкентте әрбір емханада орта есеппен 21 мың тұрғын тіркелуі керек

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Шаһар басшысы Шымкент қаласындағы әрбір шағынаудан мен тұрғын алаптың өз емханасы болса, дәрігерлердің жүктемесі азайып және медициналық қызметтің сапасы артатынын тілге тиек етті.

—Адамдар қан талдамасын тапсыру үшін қаланың орталығына барады. Ал, МРТ аппаратына түсу үшін қаланың басқа шетіндегі клиникаға барып, әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан біз әрбір тұрғын алап пен шағынауданның өзінде емхана болуы тиіс деп есептейміз. Сол мақсатта жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, биыл жеке инвесторлардың есебінен 6 емхана салынады, — деді М.Әйтенов.

Оның айтуынша, 2021 жылға дейін Шымкенттегі әрбір емханада орта есеппен 61 мың адам тіркелген. Бұл дәрігерлердің жүктемесінің шамадан тыс көп болуына, емханада ұзын-сонар кезектің қалыптасуына, сәйкесінше, қызмет көрсету сапасының да нашарлауына әкеп соқтырған. Мұрат Дүйсенбекұлы жеке инвесторларды тартып, емханаларды көптеп ашу арқылы 2027 жылға дейін әрбір емханада орта есеппен 21 мың тұрғын тіркелетінін жеткізді.

—Қазір қала тұрғындарының кез келген емханаға тіркелуге құқығы бар. Егер біреуіндегі қызмет көрсету сапасы, дәрігерлердің біліктілігі көңіліңізден шықпаса, өзге емханаға ауысып кете аласыз. Болашақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейтін емханалар көбейе түскен кезде олар әрбір пациент үшін күреседі. Себебі, бір пациент тіркеуден шығып кетсе, онымен бірге қаншама қаржы да кетеді. Бәсекелестіктің артуы сапаның жақсаруына әсер ететіні халықаралық тәжірибеде дәлелденген, — деді қала әкімі.

М.Әйтеновтың айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес, Шымкентте 200 орынды перинаталды орталық салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін басталып, 2024 жылдың соңына қарай аяқталады екен.

Айта кетейік, есеп беру кездесуінің соңында қала әкімі тұрғындардың сұрақтарына толық әрі жан-жақты жауап берді.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.