Шымкент қаласы Еңбекші ауданында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.Ауа-райының жауынды-шашынды, нөсерлі жаңбырлы мезгілдерінде аудан аумағында су басу қауіпі бар 57 мекен-жай анықталған болатын. Оның ішінде 2022 жылы 21 көшеге жалпы ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды. 2023 жылға 13 көшеге 6,3 шақырым ирригациялық арықтар салуға 232,1 миллион теңге қаржы қаралып, қазір арықтарды орнату жұмыстары басталды. Қалған 23 көшеге ирригациялық арықтар орнату 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Аудан аумағындағы су жиналатын орындар бақылауға алынған. Жауын-шашын кезінде мобильді топтар жұмылдырылып, арнайы техникалармен су тартылып отырады.
Айта кетейік, Үшінші мегаполисте ирригациялық жүйелердің маңызды мәселе екені белгілі. Бұл жүйедегі жетіспеушілік пен олқылықтар ескеріле отырып, шешім жолдарын қарастыру мақсатында шаһар басшысының бастамасымен құрылған жұмысшы топ ирригациялық жүйені қажет ететін 150 нүктенің әрбірін зерделеп, жан-жақты шешу жолдарын қарастыруда.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласында су басудың алдын алу мақсатында ирригация жүйелерінің негізгі артериясы саналатын Жаңа Шек каналының Казбакалейторгтан Аймаутов көшесіне дейінгі арнасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Арна ұзындығы 11,8 шақырымды құраса, 2020 жылы соның 4,4 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталған еді.
Сонымен қатар, арнайы мамандар ұзындығы 97,7 шақырым келетін 9 өзен-каналды және орталық көше бойындағы 485 шақырым ирригициялық жүйелерге санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Олардың арасында Қошқар ата, Қара су өзендері мен Ақсай Қарабастау, Шымкент, Жаңа Шек, Компас, Тоғыс, Сасық, Ынтымақ каналдары бар.