МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым қызмет көрсеткен болса, бүгінгі таңда 190 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, 156-сы жекеменшік медициналық ұйымдар. Ең бастысы халықтың таңдау құқығы бар.
Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында мәлім етті.
Спикердің айтуынша, жекеменшік медициналық ұйымдардың ішінде 89 стоматологиялық мекеме МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуде. Балалар мен жүкті әйелдер олардан жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы.
Ал, шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі.
Тілге тиек етейік, Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Бүгінгі таңда 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 220 731.
Шымкентте биыл 4 айда МӘМС қаражатының есебінен 400,-ден астам науқасқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.