Шымкент қаласында 265 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 2024 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы» тақырыбында баспасөз конференциясында айтылды.
Еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестерімізбен бірлесіп жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткімен байланысты 2 мың астам интернет сайттар мен әлеуметтік желі парақшалары анықталып, ақпараттық жүйеге бұғаттауға енгізілген.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 100 интернет-алаяқтық қылмысы ашылып, оларды жасаған 38 тұлға ұсталып, жауапқа тартылған. Оның ішінде 16-ы қамауға алынды.
5 айдағы азаматтарға келтірілген шығын көлемі 354 млн теңгеден асады, оның 57 млн теңгесі кері қайтырылған және есепшоттары бұғатталған.
Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін Полиция департаментінде тәжірибелі қызметкерлерден құралған «Киберпол» жұмыс тобы қызмет атқаруда. «Киберпол» барлық қажетті замануи құрал-жабдықтармен, ақпараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталған.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде 120 мәтіндік хабарлама, 135 бейнеролик жарияланып, 6 мыңнан астам жадынамалар таратылды. Кинотеатрларда, сауда үйлерінде, банктерде азаматтарға алаяқтардың әрекеті туралы ұдайы ескертілуде.
Осы орайда, полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев барша қала тұрғындары мен қонақтарын, интернет-аляқтардан сақ болуға, есірткі қылмыстарына жоламауға, нашақорлықпен бірлесіп күресуге шақырды.
Бүгінде интернетте, әлеуметтік желілерде есірткі қылмыстарымен байланысты жұмыстарға тартатын көптеген хабарландыруларды көруге болады. Оны ұйымдастырушылар қомақты ақшалай қаражат үшін, кейде аптасына 200 мыңға дейін табыс әкелетін «есірткі жасырушы» («закладчик») немесе «курьер» секілді қызметтерді ұсынады. Ең өкініштісі, осыған алданған жастарымыз заңсыз қызметке кіріп, есірткіні жасырын орындарға қойып кетумен және тасымалдаумен айналысып, түбінде полиция қызметкерлерімен ұсталып жатады.
Осы жағдайды ескере отырып, есірткімен байланысты қылмыстар ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар қатарына жатқызылған. Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі қылмыстарын жасағаны үшін, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға алып келеді. Ал, дәл осы әрекет білім беру ұйымдарында немесе көрінеу кәмелетке толмаған адамға өткізумен байланысты болса, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін алып барады.