Биылғы жылдың 1 тамызынан бастап бүгінге дейін 49 отбасы қайтарымсыз негіздегі тұрғын үй сертификаты арқылы баспаналы болды. Әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 16 отбасы — 1,2 топ мүгедектігі бар азаматтар, 9-ерекше бала асыраушы отбасылар, 3-жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар, 11- көпбалалы отбасылар, 4-толық емес отбасылар, 6- бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Азаматтар Отбасы банк арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында несиелік негізде пәтер рәсімдеу барысында оның алғашқы жарнасының бір бөлігін 1 млн. теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты арқылы жабу мүмкіндігіне ие болған.
Қазіргі таңда тұрғын үй сертификаттарына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл қолдауға ие болу үшін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мемлекеттік бағдарлама аясында 2-10-20, 5-10-20 несиелік бағыттарының бірі арқылы конкурстан өтіп, банктің шарттарына сәйкес төлем қабілеттігін растайды. Қатысушы Отбасы банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау хатын алған соң тұрғын үй сертификатына өтінім жолдай алады.
Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына жататындар:
— мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— көпбалалы отбасылар;
— толық емес отбасылар.
— Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер.
Қажетті құжаттар тізімі:
1) нысан бойынша өтініш;
2) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
3) соңғы 6 ай ішіндегі еңбек және кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама;
4) жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда);
5) қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты.
Айта кетейік, жыл басында бұдан бөлек әртүрлі әлеуметтік санаттар бойынша 218 азаматқа тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын.
Шымкентте мұндай сертификаттар алты жылдан бері беріліп келеді. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгенің сертификаттары берілсе, 2020 жылы 101 азаматқа жалпы құны 100 млн теңге болатын сертификат берілген. Ал 2021 жылы бұл мақсатқа 300 млн теңге қарастырылған. 2023 жылы 148 отбасы тұрғын үй сертифаттары арқылы ипотекалық баспанаға қол жеткізген болатын.