Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары — Базарбеков Қайрат Мейірханұлы баспасөз конференциясын өткізді. Қайрат Мейірханұлының айтуынша, Шымкент қаласында биыл ауыл шаруашылығы белсенді қарқынмен дамып келеді. Жалпы 26,5 мың гектар жерге әртүрлі дақылдар егілген, оның ішінде:
- дәнді дақылдар – 10,9 мың га (бидай – 10,3 мың га, арпа – 0,6 мың га);
- майлы дақылдар – 3,0 мың га;
- мал азықтық дақылдар – 9,0 мың га;
- көкөніс пен бақша – 3,1 мың га;
- картоп – 0,5 мың га.
Тамыз айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 32,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,3%-ды құрады. Ал жыл соңына дейін егістік алқаптарынан 86 мың тонна өнім жиналады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде 66 мың тонна өнім жиналып үлгерді.
Сонымен қатар, қысқы маусымға 307 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл белгіленген жоспардың 93%-ын құрайды.
Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласы жылдан жылға қарқынды дамып, қала тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді.
Қайрат Мейірханұлы егін шаруашылығын дамытуға бөлінген қаражат туралы да айтты. Оның сөзінше, 2024 жылы Шымкент қаласының егін шаруашылығын дамыту және өнімділікті арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 911 млн теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Бұл қолдау ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар бағыттарға жұмсалған. Атап айтар болсақ:
- Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда шаруашылықтар 560 тонна тыңайтқыш сатып алды.
- Жылыжай кешендерінің коммуналдық шығындарын азайтуға 767,8 млн теңге қарастырылған.
- Тұқым шаруашылығын дамытуға 20,5 млн теңге бөлінсе, пестицидтер мен биоагенттерге (энтомофагтарға) 600 мың теңге субсидия қарастырылған.
Көктемгі егіс жұмыстарына 35,9 тонна дизель отыны толық бөлініп, шаруашылықтарға таратылды. Ал күзгі егін жинау жұмыстары үшін 104,5 тонна дизель отыны бөлініп, оны тарату міндеті «Ұлы Орда 01» ЖШС-на жүктелген. Бүгінгі таңда шаруашылықтарға дизель отынын тарату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оны босату бағасы литріне 250 теңге болып бекітілген, дейді Қайрат Базарбеков.
Мал шаруашылығы бойынша Шымкент қаласында 109,4 мың бас ірі қара мал, 133,5 мың ұсақ мал, 20 мың жылқы және 1 071,9 мың құс тіркелген. Осы жылы қалада 5,1 мың тонна ет, 41,1 мың тонна сүт және 100,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығын қолдау мақсатында 420,8 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қаладағы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының өнімділігі артып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп келеді.