
Шымкентте нейрохирургия саласының дамуы қарқын алған. Қалалық №2 аурухананың дәрігерлері былтыр 200-ден астам науқасқа күрделі ота жасап, дерттен аман алып қалды. Жоғары технологиялы және қымбат бағалы медициналық көмек МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылуда.
Білікті нейрохирургтар құрамы таяу күндері ми тамырының қапшықты аневризмасы анықталып, өміріне қауіп төнген 48 жастағы әйелді құтқарды. Ота 3 сағатқа жалғасқан. Бас миына қан кету қауіпі профилактикалық тексеру кезінде белгілі болған. Әбүйір болғанда ауру дер кезінде анықталып, медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы жақсы және дәрігерлерге алғысын білдіруде.
— Биылың өзінде бас ми ісіктері, бас-ми қан тамырлары және омыртқа патологиялары сынды ауруларға 40-қа жуық күрделі ота жасадық. Бұл операциялардың бағалары қымбат тұрады. Бірақ, науқастарға барлық медициналық көмек тегін көрсетіледі, — дейді Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Бахытжан Позилов.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен күн сайын жоғары технологиялық оталар жасалады. Күрделі операциялардың құны бірнеше миллион теңгені құрайды. Шымкент қаласы бойынша былтыр 1500-ға жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операцияларға бағытталады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.