Ұстаз болу аса жауапты міндет. Алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан, жаңа өмірге жетелеп, болашаққа қадам бастырған ұстаздарымыз бәріміздің де есімізде. Жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін де білім керек. «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» – деп Міржақып Дулатов айтпақшы, қазір ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Бұл тұста білім ошақтарының атқаратын ролі жоғары.
Қаламызда ұстаздар отбасында қуанышты оқиға болды. Шымкенттегі №23 мектеп-лицейінің директоры Жанар Тойлыбаева «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, Қазақстанда білім беруді дамытуға жасалып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті. Ол оқу орындарында қоғам игілігі үшін күнделікті, жан-тәнімен еңбек етіп жүрген ұстаздарға ерекше ілтипат білдірді.
Мерекенің ең жарқын сәттерінің бірі педагогика саласының үздік өкілдеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын беру болды. Марапатталғандардың қатарында еңбегі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланған Шымкенттегі Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің директоры Жанар Тойлыбаеваның болуы қуантарлық жайт. Бұл құрметті атақ жерлесіміздің көп жылғы еңбегі мен білім беру жүйесін дамытуға қосқан қомақты үлесінің жемісі десек, қателеспейміз.
Шымкент қаласындағы Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің іргетасы сонау 1968 жылы қаланған. Содан бері мұндағы қарбалас тіршілік еш тынған емес. Бір орында тұрмай, білім беру ісінде уақыт өткен сайын қарыштап дамып келе жатқан оқу ордасы 1992 жылы лицей статусын алды. Бүгінге дейін бұл білім ұясынан мыңдаған түлектер қанат қағып, еліміздің түкпір-түкпірінде сапалы еңбек етуде. Қазіргі таңда аталған мектепте 4 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр.
«ANYQ.KZ-ақпарат»