Шымкентің туристік әлеуеті Ыстамбұлда таныстырылды

Түркияның Ыстамбұл қаласында Қазақстан Республикасының бас Консулдығының қолдауымен туристік форум-көрме өтті. Бұл шарада Шымкент қаласының туристік мүмкіндіктері түркиялық туристік операторларға кеңінен таныстырылды. Форумға Түркияның 100-ден аса туристік агенттіктері мен сала мамандары (ТУРСАБ) қатысты.

Кездесуде екі ел арасындағы туристік ағынды арттыру, жаңа бағыттарды дамыту және ынтымақтастықты нығайту басты тақырып болды. Шымкенттің киелі жерлері, соның ішінде «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелері ерекше атап өтіліп, осы бағыттағы рухани туризмнің әлеуеті жоғары екені айтылды. Рухани туризмнің бастау алатын маңызды нүктесі ретінде Шымкент ұсынылып, қаладағы туристік маршруттар егжей-тегжейлі көрсетілді.

Форум аясында В2В форматында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде Шымкентке Түркиядан келетін туристер ағынын арттыру мақсатында 5 ірі туристік операторлармен ынтымақтастық орнатылды. Бұл келісімдер екі ел арасындағы туризмнің дамуына және Шымкенттің халықаралық деңгейде танылуына жаңа серпін береді.

Алдағы уақытта Шымкент қаласы рухани туризмнің орталығы ретінде шетелдік туристер үшін тартымды орындардың біріне айналмақ.

Айта кетейік, туристік әлеуеті күннен күнге дамып келе жатқан үшінші мегаполиске жыл басынан бері 252 мыңнан астам адам келген. Қалаға ат басын бұрған туристер саны өткен жылға қарағанда 17,5 пайызға артыпты. Шымкентке туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей және Қытай елдерінен келген. Атап айтқанда, биылғы алты айда Шымкентке Өзбекстаннан – 9 235, Ресей Федерациясынан – 3 286, ал Қытайдан 2360 турист саяхаттаған. Туристер үшін 12 ішкі, 5 халықаралық рейс жұмыс істейді. 144 қонақ үй қызмет көрсетеді.  Биыл инвесторлар тарапынан 3 қонақ үй пайдалануға берілсе, тағы бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Айта кетейік, қалада бой көтеріп жатқан жаңа әуежай құрылысы аяқталған соң жаңа әуе рейстері ашылып, туристер саны артады деп күтіліп отыр.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin