Шымкент: Абай мен Әл-Фараби аудандарында тазалық іс-шаралары өтуде

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласының аудан аумақтарында тазалық акциялары өтуде. Атап айтқанда, Абай ауданы аумағындағы Тұрлан шағынауданы Шмидта көшесінің бойында тұрғындар тазалыққа үлес қосты.
Іс-шарада Абай ауданы әкімдігі, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, жастар, тұрғындар белсенділік танытты. Жалпы акцияға 200-ден астам адам қатысты.
Шағынаудан тұрғыны Меруерт Әмірсейіттің айтуынша, тұрғындар әр сенбі сайын аулаларды, көшелерді тазалауда белсенділік танытып келеді. Наурыз айынан бастап шағынауданда тазалық жұмыстары ұдайы өткізілуде.
Акцияға белсене қатысқан көпшілік тазалықты өзімізден бастау керек екенін, қала тазалығы бәрімізге ортақ міндет екенін ұғындырды.
Табиғаттың тынысын ашып, қоршаған ортаны, тұратын ауламызды шаңынан қағып алатын сенбілік жұмыстарының маңызы зор. «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» экологиялық тазалық акциясы Әл-Фараби ауданында жалғасын тапты. Аудан аумағындағы Республика даңғылы 41а, 43а Молдағұлова көшесі 10, 12 үй аулаларында санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Науқан барысында шөптерді ору, ағаштарды қырқу, иригациялық жүйелер мен көшелерді тазалау, сыпыру, жол жиектері, арықтар күл-қоқыстан тазартылды. Жалпы санитарлық тазалық іс-шарасына 10 арнайы техника, 150 ден астам адам жұмылдырылып, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне тұрғындар да белсене көмек көрсетті. Сондай-ақ, балалар ойын алаңдарының тозығы жеткен жерлері жөнделіп, жыртылған төсеніштері жамалды.
– «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен тұрғындар ерекше белсенділік танытуда. Қаламыздың тазалығын сақтау – барлық тұрғындардың парызы. Қоршаған ортаны ластауға жол бермей, тұрмыстық мәдениетті ұстануға шақырамыз. Жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да аудан тұрғындары белсене қатысса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin