Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру — бұл қоғамның әділдік пен құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған маңызды процесс. Бұл мәдениет адамдардың құқықтары мен міндеттерін түсінуіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылықты арттыруға және мемлекетпен бірге әр азаматтың осы зұлымдыққа қарсы тұруына негізделеді.
Жемқорлыққа қарсы мәдениет тек заңмен емес, адамгершілік қағидаттармен де қалыптасады. Мұндай мәдениетті қоғамның барлық деңгейлерінде қолдау — оның тұрақты дамуы мен әділеттіліктің қамтамасыз етілуіне жол ашады.
Шымкент қаласында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында «Адалдық – адамдық белгісі» атты қалалық сурет байқауы өтуде. Онда қаладағы колледж шәкірттері, мектеп оқушылары, жалпы 92 жас бағын сынап жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қолдауымен, «Бәйтерек» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған байқау сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және жастардың бойында адалдықты көтермелеу, дарынды жастарды қолдау, олардың шығармашылығын дамытуды мақсат еткен.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Нұртөре Қалдыбаев, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғарбек Үсіпахметов жастарға сәттілік тілеп, сайыс жастардың бойында отансүйгіштікті қалыптастыруға өз септігін тигізетінін атап өтті.
Қалалық сурет байқауы 1 кезеңде және 2 топтық жас ерекшелікпен өтеді. Бірінші топ –14 пен 16 жас, екінші топ – 17 мен 21 жас аралығы. Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы шығармалардың тақырыптарының ашылуына, түстер үйлесіміне, композициясына баса назар аударады. Қатысушылар 90 минут ішінде тақырыпқа сай сурет салады.
Қалалық сурет байқауына қатысуға жалпы 13 мекемеден 127 өтінім келіп түскен. Байқаудың жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен, қала әкімінің дипломымен марапатталады. «Ең үздік авторлық шығарма», «Ең жас суретші» иегерлері де анықталмақ.
«ANYQ.KZ-ақпарат»