Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2019 жылдан бері велошеру өткізіліп келеді. Пандемияға байланысты тоқтап қалған іс-шара биыл қайта жалғасын тапты , деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Спорт және дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің әр өңірінен 150-ге жуық велошабандоз қатысты. Оларға 120 шақырымды жүріп өту міндеті жүктелді.
Жиынның ашылу салтанатында қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов вело шерудің маңыздылығына тоқталып, велошеруге қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Бүгінгі спорттық іс-шараның мақсаты қаламызды велосипед спорт түрін дамыту мен салауатты өмір салтын қалың жұртшылыққа насихаттау. Елімізге мемлекет тарапынан спортты дамытуға айрықша мән беріліп, әрбір азаматтың спортпен айналысуына барлық жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, таяуда ғана ашылған 6 шақырымды вело жолағымыз, Шымкент қаласындағы қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі болып табылады. Қалада велосипед спортымен жеңіл атлетика спорт мектебі жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде, спортшыларымыз Халықаралық деңгейдегі жарыстарда, әлем, Азия чемпионаттарында көк туымызды желбіретіп келеді. Бүгінгі марафонға тек қала тұрғындары ғана емес, басқа да өңірлерден келген қонақтарымыз белсенді қатысуда,-дейді Қуаныш Асылов.
Спорттық шараға тек қала тұрғындары емес, басқа өңірлерден келген қонақтар мен спортты серік еткендер қатысты. Жарыс жолын бағындырған барлық қатысушылар медальдармен марапатталды.
150-ге жуық велоәуесқой Әл-Фараби алаңынан жолға шықты. Веломарафонға «Атамекен» ҰКП қызметкерлері де белсенді қатысуда.
Велошеру жалпы ұзындығы 100 шақырымнан астам жолды басып өтіп, Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Жібек жолы кеден бекетінде мәреге жетеді. Велоәуесқойларды полиция және жедел жәрдем қызметі сүйемелдейді.
Айта кетейік, әуесқой велошеру Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға бағытталған түрлі екіжақты іс-шаралар аясында ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар арасында өзбекстандық әуесқойлар да бар. Іс-шараның мақсаты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталғанын жоғарыда атап өттік. Аталмыш іс-шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, жыл сайын өткізілетін негізгі спорттық мерекеге айналады.
«ANYQ.KZ-ақпарат»