Шымкент: «Достық» мерекесі тойланды

Еліміздің үшінші мегаполисінің Орталық саябағында Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» күніне арналған Достық мерекесі аталып өтті.

Қалалық ҚХА мен жергілікті өзбек этносы белсенділерінің атсалысуымен ұйымдастырылған іс-шараға қалалық ҚХА басшылығы, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы, қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық Қоғамдық кеңес жетекшісi және тұрғындары мен қала қонақтары қатысты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен бастау алған мерекелік іс-шара барысында «Ғунча» халық ансамблі, Сайрам музыка мектебі оқушыларының орындауында «Домбыра күйі», «Қазына» би ансамблінің «Достық» биі, «Узбегим» дайрашылар тобының «Доира зарби» музыкалық композициясы сынды бірқатар жергілікті және көршілес Өзбекстаннан арнайы келген мәдениет майталмандары тұрғындар алдында өнерлерін көрсетіп, жұртшылықтың ақеділ алғысына ие болды.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев мерекемен құттықтап, “Достық” фестивалі ел бірлігін паш ететін маңызды іс-шара екенін атап өтті.

Қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев елімізде барша этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына барынша жағдай жасалғанына ризашылығын жеткізді. Этномәдени бірлестіктің бірқатар белсенділеніне қала басшылығының Алғыс хаттарын табыстады.

«Елімізде 130-дан астам этнос өкілдері бірлікте, тату ғұмыр кешуде. Бірлігіміз бекем болсын. Достық мерекесінің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді. Бүгінгі іс-шараға қаладағы мектептерден қолөнершілер, өнерпаздар қатысуда. Көрмеде жергілікті кәсіпкерлер де отандық өнімдерін ұсынып жатыр. Біздің күшіміз – бірлікте», — дейді Т.Нишанбаев.

Орталық саябаққа жиналған тұрғындар үшін қаламыздағы бірқатар өнер ұжымдары өнерлерін көрсетті Және өзбек этносының ұлттық салт- дәстүрі мен мәдениетін паш ететін көрме қалың көпшіліктің көңілінен шықты.

ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов мерекенің жылдан жылға аясы кеңейіп келе жатқанын айтады. Қаламызда өзбек этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, жұмыс істеуде. Этномәдени бірлестік өзбек этносы өкілдерінің қазақстандық қоғамның ортақ құндылықтарын қастерлеуіне ұйытқы болып отыр.

Айта кетейік, бүгінде 1 миллион 244 мыңға жуық шымкенттік тұрғынның 15,8%-ын өзбек этносы құрайды. Қалалық өзбек этномәдени бірлестігі қашан да елдің берекелі бірлігін бекемдейтін және қазақстандық патриотизмді дәріптейтін жобалар мен қайырымдылық бағыттағы іс-шаралардан шет қалмай, ел игілiгі үшін қалалық ҚХА жанында жүйелі әрі табысты жұмыс істеп келеді.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin