Шымкент қаласының Еңбекші ауданы 22 800 гектар аумақты қамтып, 228 830 тұрғыны бар. Ауданда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан. Мұнда 728 көше мен өткел, 2 саябақ, 3 гүлзар, 283 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үй бар. Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы баяндады.
Ауданның негізгі бөлігіндегі 29 шағынаудан мен тұрғын алаптар инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін аудан әкімінің аппараты маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда:
Ауыз су: 97%-ға қамтылған, электр жарығы: 99,8%, табиғи газ: 90,7%; кәріз жүйесі: 41%, асфальт жолдар: 73,1%-ды құрайды.
2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес инфрақұрылым жүйелерін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Келесі жылы «Жастар» көшесі мен «Қазығұрт» станциясы маңындағы 102 абонент және Оңтүстік-Жаңақұрылыс аймағындағы 989 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта жобалау-сметалық құжаттаманы «Строительная группа «Архитектор» ЖШС әзірлеуде.
Еңбекші ауданының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруда
Шымкент қаласының Еңбекші ауданында инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту аясында электр желілері мен табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр. Аудан тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін мемлекеттік және жекеменшік жүйелер арқылы инфрақұрылымдық қамту көрсеткіштері жақсартылуда.
Досбол Күздікбайұлының айтуынша, ауданда электр жүйесімен қамту көрсеткіші 98,6%-ға жеткен. Оның ішінде мемлекеттік жүйе арқылы 98,6%, жекеменшік жүйе арқылы 1,2% қамтылған, ал жаңа құрылыс учаскелерінің 0,2%-ы әлі қамтылмаған.
2023 жылы Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы 1356 абоненттің жекеменшік жүйесіндегі электр желілерін ауыстыру мақсатында тиісті жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан оң қорытынды алынған.
Одан бөлек, 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым электр желісі жаңартылды. 2024 жылы Қарабастау жаңа құрылысында 120 абонентке арналған жаңа желілер мен трансформаторларды орнату жоспарлануда.
Аудандағы табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 90,7% құрайды. Оның 73%-ы мемлекеттік жүйеге, 17,7%-ы жекеменшік жүйеге тиесілі. Қамтылмаған 9,3%-ды қамту 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кәріз жүйелерін дамыту, автожолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар қолға алынды.
Аудан аумағында кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 41%-ды құрайды. Алайда бұл бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Ұлағат шағынауданында 2248 абонентке арналған кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Құрылыстың кейбір бөліктерінде мәселелер туындап, оларды экономикалық тергеу департаменті тексеруде деді, — Досбол Күздікбайұлы.
Сонымен қатар, Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесіндегі 270 абонентті кәріз жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Ауданның жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшесі бар. Жолдардың 73,1%-ы асфальтталған, 21,6%-ы тас жолдар, және 5,3%-ы топырақ жолдар болып табылады.
Сондай-ақ, ауданда бүгінгі таңда 117 көше жарықтандырылған. 2023 жылы 28 көше жарықтандырылды, ал 2024 жылға жоспарланған 244 көшенің 129-ында жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Қалған 115 көшеде жұмыстар жалғасуда.
Шымкент қаласының Еңбекші ауданында 2022 және 2023 жылдары спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, 2024 жылға жаңа жобалар жоспарлануда. Бұл бастамалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған.
Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 56 ашық спорт алаңшасы орналасқан.
2023 жылы аудан аумағында қосымша 7 спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Ал, 2024 жылға жоспарланған 8 ашық спорт алаңшасының 2-інде құрылыс жұмыстары басталып, қалған 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізілуде.
Еңбекші ауданы әкімінің аппараты 2024 жылы қосымша 5 гүлзар салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар аясында мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, жұмыс белсенді түрде жалғасуда.
Еңбекші ауданындағы спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу жұмыстары аудан тұрғындарына қолайлы орта жасауға және олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл жобалар алдағы жылдары да қарқынды түрде жалғасып, қала көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»