Жастар ресурстық орталығында жас қаламгер Жәмиля Бақтиярқызының «Қарлығашым, келдің бе?» атты шығармашылық кеші өтті. Он жылдай дертімен күресіп, жеңіп шыққан жас арудың алғашқы туындысы «Бәйшешек» жастар арасында танымал болып үлгерген.
Он жасында тағдырдың сынына түскен кішкентай қыз қолына қалам алып, ойларын жаза бастаған. Жаратушының сыйы дерсің, қаламынан түскен әрбір сөз жүректен шығып, кітапқа айналды. Бүгін Жәмиляның екінші «Қарлығаш» атты кітабының тұсауы кесілді.
«Қарлығаш» – қаршадай қыздың үлкен тағдыр жолына бастайтын жүрегіндегі махаббат жыры, нәзік сыры, асқақ арман-ойлары жазылған кітап. Қарлығаш қыздың атасына жазған хаттары, бөлісер балауса сезім-сырлары, өмір жайындағы сан-алуан сауалы толғаныстарға ұласып, ата мен бала арасындағы диалог өскелең де өрісті ойларға жетелейді.
– Жәмиляның «Бәйшешегін» де, «Қарлығашын» да оқып шығып, мұндай дүние жастарға керек деп ой түйдім. Қазіргі қиындау заманда отбасы құндылығы, Отанға, ата-анаға, туған жерге деген махаббат әлсіреген. Жәмиляның кітабынан сырлы сезімнен бөлек, тарихты да, салт-сананы да, тәлім-тәрбиені де көрдім. Атасы мен анасын ардақтау арқылы Алаш елін ардақтай білуді үйретеді. Бүгінгі жастарға нағыз керек дүние. Сондықтан бүгінгі кездесуді ұйымдастырдық, – дейді «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Айтбекқызы.
Бүгінде халықаралық журналистика мамандығында оқып жүрген Жәмиля – көп жасқа үлгі. Мотиватор. Жаратушысына алғысы мол, өмірге ғашық қыздың айтуынша кітапқа түскен әр сөзі жаратушыдан келген аян секілді.
«… Өміріме деген ынта менде де бар еді. Өйткені, мен бала едім… Мен ауыруыма жеңіл қарадым, оны қабылдадым, жақсы көрдім және күрестім.. Сондықтан мен Жаратушыма налымаймын деп шештім».