Шымкентте жол саласын дамыту мақсатында 256 нысанның жөндеу-құрылыс жұмыстарына бюджеттен жалпы 26,9 млрд теңге қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,8 млрд, ал жергілікті бюджеттен – 9,8 млрд теңге бөлінді.
Жөнделуге тиісті 256 нысанға жалпы ұзындығы 418 шақырым жол, 7 көпір, 2 жолайырық, 1 оң жақ өткел мен 1 жерасты өткелі жатады. Нәтижесінде биыл 240 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Арасында 6 көпір мен 1 жерасты өткелі бар.
– Құрылысы жүріп жатқан 15 нысанның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы, Ақтас, Достық, Көкбұлақ, Нұртас, Қайнарбұлақ, Самал-1 шағынаудандарындағы жолдар мен Әл-Фараби көшесінің, Н.Назарбаев даңғылының жалғасы, әуежайға баратын жол, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірі, Рысқұлов-Қонаев даңғылдарының қиылысындағы жолайырық бар. Бұл жолдардың көбісі әлеуметтік маңызды нысандарға апарады. Мысалы, Достық шағынауданындағы жол – мамандандырылған ХКО-ға, Көкбұлақтағы жол – көлік-логистика орталығына, Нұртастағы жол – балабақшаға, ал Қайнарбұлақтағы жол 1200 орынды мектепке бағыт алады, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов.
Айта кетсек, қазіргі таңда қаладағы 94 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Олар – 44,5 шақырым жол, 2 көпір, 2 жолайырық пен бір жерасты өткелі. Ал көктемде 1 көпір мен жерүсті өткелі ашылып, ел игілігіне берілгені көпшілікке белгілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.