Шымкент қаласында интернет байланысын жетілдіру және тұрғындардың жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділігін арттыру мақсатында «Сапа+» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында қала тұрғындарына заманауи технологиялар арқылы интернетке қосылу мүмкіндігі ұсынылып, байланыс сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралар қолға алынды. Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, басқарма басшысы мен «Қазақтелеком» АҚ өкілдері Иляева көшесіндегі №37 үйге барып, бір тұрғынды жаңа модеммен қамтамасыз етті.
«Сапа+» жобасы — тұрғындарға заманауи байланыс мүмкіндіктерін ұсыну және қаланың цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Бұл бастама қалалықтардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, цифрландыру үдерісін жеделдетуге бағытталған. Жобаның арқасында халыққа қашықтан жұмыс істеу, онлайн білім алу, денсаулық сақтау және өзге де маңызды қызметтерге ыңғайлы әрі үздіксіз қолжетімділік қамтамасыз етілмек.
Сонымен қатар Өтеміс, Шапырашты және Қызылсу тұрғын алаптарындағы 11 мектеп радиорелейлік байланыс желісінен оптика желісіне қосылды. Бұл өзгеріс білім беру саласында жаңа мүмкіндіктер мен тиімділіктер әкеледі. Қазіргі таңда мектептер заманауи цифрлық жүйелерге қол жеткізді, бұл оқу процесін барынша тиімді және сапалы етуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында жүзеге асырылған оптика желісіне қосылу, оқу орындарында интернет жылдамдығын арттырып, білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл жаңалық Шымкент қаласындағы білім саласының цифрландыру үдерісін одан әрі дамытуға маңызды қадам болып табылады.
Шымкент қаласының шалғайдағы елді мекендеріне талшықты-оптикалық интернет жүргізу жұмыстары 2021 жылы басталған. Қалаға Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысынан қосылған 81 елді мекеннің 52-сі бар. Биылғы жылы талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары 20 елді мекенде, ал келесі жылы 25 елді мекенде жоспарланған. Осылайша, шалғайдағы елді мекендер жылдам интернетпен қамтамасыз етілетін болады.
«Барлық жұмыстарды жеке инвесторлар қаржыландырады. Сапалы интернет өткізуді қамтамасыз ететін алты провайдермен меморандумдарға қол қойылды, ал біз инфрақұрылымдық мәселелерге және әкімшілік кедергілерді еңсеруге көмектесеміз. Beeline компаниясына келетін болсақ, ол биылғы жылы GPON технологиясын пайдалана отырып, “Тұрдыабад”, “Шаңырақ”, “Базаркақпа”, “Сайрам” және “Абдулабад”тұрғын алаптарын интернетке қосады. Алғашқы үшеуінде жұмыстар басталып, қалғандары жыл соңына дейін аяқталады», – деді басқарма басшысы Мұхит Әбутәліпұлы.
«ANYQ.KZ-ақпарат»