Шымкент: «Көк тудың желбірегені» патриоттар форумы өтті

Қасиетті Отанға, туған жерге, өскен елге деген құрмет пен сүйіспеншілік оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары, патриоттары қалыптасады.

Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Шымкентте өткен «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форуында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осылай деді.

 Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған форумға зиялы қауым өкілдері, ерікті жастар мен қала тұрғындары қатысты. Көрме орталығында өткен іс-шара еліміздің Мемлекеттік Әнұрынымен басталып, онда мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталды. 

– Еліміздің егемендігі жөніндегі Декларация қабылданған 25 қазан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің бастауына айналған күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қайта жаңғырып, ұлттық мәртебеге ие болған бұл мереке мемлекеттің тұтастығы мен халқымыздың ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуде, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше мәнге ие. Рәміздер күнінде басталып, Республика күнінің қарсаңында қортындыланғалы отырған «Көк Тудың желбірегені» патриоттар форумы да осы мақсатпен керемет үйлесім тауып отыр, – деді Сәрсен Абайұлы.

Сонымен қатар форумда Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар екеніне тоқталып,  халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың, ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағлымды тарихымыздың шынайы көрінісі екенін жеткізді.  

– Еліміздің Тәуелсіздігі мен бірлігінің символы – Республика күні баршамыз үшін маңызды. Тарихымызға көз жүгіртсек, ер жүрек батырларымыз бен ұлыларымыздың еңбегі арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Отанымыздың гүлденуі мен өркендеуі үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бүгінгі мерекеде жастардың ұлтқа деген патриоттық сезімдерінің еселенгенін анық көруге болады. Тек мерекеде емес, әлеуметтік сайыстар жиі ұйымдастырылуы керек, — деді Б.Әлтеев

Ал, белгілі журналист Бақтияр Тайжанның айтуынша, Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту – әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз.

Шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Мемлекеттік Әнұранмен басталған форумда мемлекеттік рәміздерге арналған көрме өткізілді. Қала әкімінің орынбасары мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтіп, олардың ел тарихының, мәдениетінің және руханиятының көрінісі екенін жеткізді.

Іс-шара барысында Тәуелсіздік құндылықтары, мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген терең құрметті қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік ролик», «Үздік іс-шара» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

«Үздік іс-шара» номинациясы бойынша бас жүлдені — Төлеген Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы жеңіп алды. Мектеп оқушылары әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған бейнеролик дайындап, жобаға зор үлес қосты.

Форумның соңында Шымкент опера және балет театры мен «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары мерекелік концерт қойып, форумды ерекше көңіл-күймен аяқтады.

Республика күніне арналған бұл шара жастардың патриоттық сезімдерін нығайтып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етті.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin