Шымкент: Медициналық оңалту МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға қол жетімді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Үскенбайқызы МӘМС жүйесінің жоғары технологиялардың дамуына тигізген ықпалы, емдеу процесінде науқастарды оңалту шаралары, есепте тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі жайлы сұрақтарға жауап берді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі медициналық ұйымдардағы жоғары технологиялардың дамуына  ықпалын тигізе алды ма? Мәселен, кезінде күрделі ота жасату үшін халық елорадаға немес Алматыға барып жасатушы еді. 

—           Шымкентте МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқанын дербес сарапшылар да растауда. Ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде де күрделі ота түрлерін жасау қарқын алған. Қазіргі таңда қалада ЖТМК түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Өздеріңізге белгілі, Шымкент жүрек орталығында жасанды жүрек отасы жасалуда. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаның құны 77 миллион теңгені құрайды. Көмекші механикалық құрылғы науқастың қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды. Соңғы 4 жыл ішінде мұндай 13 ота жасалған.  Сонымен қатар №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлер құрамы адам ағзасын ауыстыру оталарын сәтті жасауда.  Барлығы да МӘМС есебінен қаржыландырылады.

Емдеу процесінде науқастарды оңалту шаралары аса маңызды. Әрине, дәрігерлер барлық ем-домын жасайды. Бірақ, аурудан кейінгі оңалу жағдайына қаншалықты көңіл бөлінуде?

—           Шымкентте бүгінгі таңда 72 медициналық ұйым науқастарға медициналық оңалту шараларын көрсетуде.  Емдеу мекемелері кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша ем-дом жасайды. Медициналық оңалту МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға қол жетімді және науқастардың қалыпты өмірге қайта оралуларына орасан көмегін тигізуде. Жыл басынан бері дәрігерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 2000-ға жуық адамға оңалту шараларын көрсеткен. Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да аурулардың асқынуында отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралулары оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға ерекше көңіл бөлінген.

Есепте тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда?

—           Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Шымкентте бүгінгі таңда амбулаториялық тегін дәрі -дәрмек 123 нозология бойынша босатылуда. Науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен.  Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда емхананың дәріханасынан дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Ал, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin