Шымкент: Мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері арасында байқау өтті

Шымкент қаласында ұлттық мейрам саналатын Республика күнін тойлау басталып кетті. Мереке қарсаңында қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» атты байқау өтті. Басты мақсат-мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

Елімізде мемлекеттік тілді үйренуге барлық мүмкіндіктер жасалып келеді. Арнайы оқыту орталықтары мен мектептер, жоғары оқу орындары қазақ тілін меңгеру үшін қажетті жағдайларды ұсынады. Қазақ тіліне деген қызығушылық тек қазақ ұлтының өкілдерімен шектелмей, өзге этнос өкілдері арасында да артып келеді. Мәселен, №48 жалпы орта мектебінің ұстазы Мафтуна Сейдова байқауға қатысуға шешім қабылдағанын атап өтті. Қазақ тілін бала кезінен жетік меңгерген ол, байқау арқылы тілге деген құрметі мен сүйіспеншілігін көрсетіп, өзгелерге үлгі болуды мақсат еткен.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Жұлдызды сәт», онда қатысушылар өз өнерлерін – ән айту, би билеу немесе көркемсөз оқуды көрсетті. Екінші кезеңде Отан, ел, туған жер туралы мақал-мәтелдерді жалғастыру сынағы өтті. Ал шешуші кезеңде салт-дәстүрлер мен белгілі тұлғалар туралы білімдерін паш етті.

Байқауға іріктеліп өткен 21-35 жас аралығындағы түрлі этнос жастары қатысты. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, І, ІІ және ІІІ орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin