Шымкент: МӘМС бойынша 45 стоматологиялық клиника қызмет көрсетуде

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Үскенбайқызы МӘМС бойынша кімдер тегін тіс емдей алады және тағы да қандай стамотологиялық қызмет түрлерін алуға болатыны жайлы баяндады.

Арапкүл Үскенбайқызының айтуынша, МӘМС бойынша тегін тіс емдеу көмегі халықтың белгілі санаттарына қол жетімді. Атап айтқанда, жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ала алады.

Шұғыл жағдайда  18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі.

Жоспарлы стоматологиялық көмек шеңберінде тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар, тісжегіні емдеу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу көрсетіледі.

Шұғыл стоматологиялық көмек бойынша күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті, невралгияны, невритті, стоматиттің өткір түрлерін емдеу, күрделі тісті жұлу, абсцессті ашу, одонтогендік жылауықты алып тастау, жоғарғы-төменгі жақ буынының қисаюын түзету, тістердің бөлінуін уақытша бекіту, қатерсіз өсінділер мен эпулисті алып тастау және еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері науқасқа амбулаториялық жағдайда көмек көрсету  қауіптілігін анықтаса, ол науқастан бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы.

МӘМС жүйесі бойынша сондай-ақ ортодонтиялық көмекті де алуға болады. Ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, тіс-жақ аномалиялары бар аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.

Тіс дәрігеріне көріну үшін емханадан жолдама талап етілмейді. Шымкент қаласында қазіргі таңда МӘМС бойынша 45 стоматологиялық клиника қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, емханалардағы тіс емдеу кабинеттері көмек көрсетеді.

Былтыр қала тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 500 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде аталмыш көмек түрін алуға көбіне зейнеткерлер мен балалар жиі жүгінеді.  Клиникалардың тізімімен Қордың  https://msqory.kz/kk/ сайтында танысуға болады.

Тіс дәрігеріне көріну үшін емханадан жолдама талап етілмейді.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin