Шымкент: МӘМС жүйесі жайлы түсіндіру жұмыстары өтті

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл – әлеуметтік жоба. Жинақтаушы болып саналмайды.

Сақтандырылған әр азамат қажет кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, узи, қымбат бағалы КТ,МРТ сынды медициналық көмекті ала алады.

ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова бастаған топ бүгін МӘМС жүйесінде қолжетімді осы және өзге де медициналық көмек түрлері мен пациенттердің құқықтары жайлы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен жиын барысында кеңінен түсіндірді.

Жиынға 200-ден астам мұғалім және студенттер қатысты. Жоғарғы оқу орнының қызметкерлері мен жастар сала мамандарынан денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті сауалдарына жауап ала алды. МӘМС туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта қаладағы басқа да жоғарғы оқу орындарында өтетін болады.

Сондай-ақ, филиал өкілдері мұғалімдердің медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі жайы сөз болған кездесу де ұйымдастырды.

Мұғалімдердің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі сақтандырылған. Дегенмен, білім беру саласының қызметкерлері ұзақ мерзімді демалысқа шыққанда ай сайынғы жарнаның дұрыс төленбеуі себебінен сақтандыру мәртебесін жоғалтатын жәйттер кездеседі.

ӘМСҚ Шымкент филиалының өкілдері бүгін қаладағы Еңбекші ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен кездесіп, осы іспеттес өзекті мәселелерге байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жиында қор филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден ұстаздарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары мен мүмкіндіктері жайында баяндап, сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында атап көрсетілгеніндей, МӘМС жүйесі халыққа кеңейтілген медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндігін береді.

Кездесуде білім беру саласы қызметкерлеріне сондай-ақ жарна төлеу тәртібі мен мөлшері, жеңілдік санатындағы азаматтарға қолжетімді медициналық көмек түрлері айтылды.

Басты мақсат – білім саласы қызметкерлерінің медициналық сақтандыру туралы түсінігін кеңейту және олардың медициналық қызметтерді дұрыс әрі тиімді пайдалануын қамтамасыз ету.

Еске сала кетейік, бүгінде Шымкентте жалпы халық саны 1 243 906 адамды құрайды. 935 230 азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылған. Оның ішінде 700 мыңнан астамы жеңілдік санатына кіретін азаматтар. Мемлекет ол тұрғындар үшін сақтандыру жарналарын төлеп, медициналық қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 308676.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin