Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына есірткінің таралуына қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырма берді.
«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек»,- деп атап өткен болатын ел басышысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Осыған байланысты Шымкент қаласының прокуратурасы нашақорлық жарнамаларымен күресу үшін аудан әкімдіктері жанындағы коммуналдық мекемелердің (Абай, Қаратау, Әл-Фараби, Еңбекші, Тұран) мыңнан астам қызметкерлерін жұмылдырды.
Бұдан кейін коммуналдық мекемелер қаланың тазалығын қамтамасыз ету және сақтаумен қатар, қоғамдық орындарда есірткіні сату және тарату сайттарының жарнамалары бар суреттерді құқық қорғау органдарына хабарлау арқылы күн сайын жоюға міндетті болады. Бұл бастама есірткіні жарнамалаумен тиімді, мақсатты және тұрақты түрде күресуге мүмкіндік береді.
Бүгін жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, ерікті жастардың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты ауқымды жұмыс басталды және ол тұрақты түрде іске асырылатын болады.
Айта кетері, Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес синтетикалық есірткіге тәуелді қазақстандықтардың саны 5 жылда 14 есеге өсті. Дәстүрлі түрлерден айырмашылығы, синтетикалық препараттар адам ағзасына зиянды әсер етеді. Негізгі себеп-химиялық құрамы. Жүрек-тамыр жүйесі зардап шегеді, иммунитет төмендейді, бұл жиі суық тиюге, саңырауқұлақ ауруларына әкеледі, бүкіл денеде абсцесс пайда болады. Инъекциялық формалар қауіпті жұқпалы аурулардың таралу қаупін тудырады: вирустық гепатит, мерез және АИТВ. Сонымен қатар, нашақорлық өмір сүру ұзақтығын едәуір төмендетеді, интеллектуалды деградацияны тудырады.
Шымкент қаласының прокуратурасы барлық қала тұрғындарын нашақорлықпен күрес жұмыстарында бірлесіп жұмыс істеуге шақыра отырып, «Бірге осы зұлымдықты жеңе аламыз» деп атап өтті.
«ANYQ.KZ-ақпарат»