Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасының орынбасары Нұрдәулет Абдусаттаровтың модераторлығымен өткен жиынға Палата қызметкерлері, кәсіпкерлер, бухгалтерлер қатысты.
Жиында алдымен Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг бөлімінің жетекшісі Нұрсұлтан Рысбеков кәсіпкерлер мен бухгалтерлерге камералдық бақылау туралы түсіндіріп өтті.
Салық органы қызметкерлерінің айтуынша, камералық бақылау – салық органдарының салық төлеушілердің құжаттарын қашықтықтан тексеруі. Сала мамандары салық декларациялары мен басқа құжаттар негізінде заңдылықтардың сақталуын тексереді. Осыған орай мемлекеттік кіріс департаментінің өкілдері құжаттарды тиісті талаптарға сай рәсімдеп, тапсыруды тағы да пысықтады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бөлімінің аға прокуроры Марат Бейбіт кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша баяндады.
«Кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді тағайындау туралы акт, тексеру нәтижелері туралы акт және бұзушылықты жою туралы нұсқама ҚР Бас прокурорының бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Тексеру актісінің оң жақ бұрышында 20 саннан тұратын актіні тіркеу нөмірі, тіркеген мемлекеттік мекеме және лауазымды тұлғаның аты-жөні көрсетіледі. Оған қоса кюар коды да болады. Сіздерге қатысты тексеру туралы мәліметті прокуратура органдарының www.qamqor.gov.kz сайтынан 20 сандық нөмірді енгізу арқылы тексеруге болады», – деді Марат Бейбіт.
Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тиісті мамандардың жауабын алды.