Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларын таныстырды. Алқа отырысына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, спорт мектебі басшылары, жаттықтырушылар, спорт саласы қызметкерлері қатысты.
Жиында басқарманың 10 айдағы есебі тыңдалып, бірқатар мәселелер талқыға түсті. Басқарма басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады. Шымкент қаласының 2021 — 2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлар тізбесінде спорт саласының 4 көрсеткіші бекітілген. Шаһарда дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 % — ына дейін жеткізу назарда тұр. Жыл басынан бері қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 257 спорттық (Халықаралық, республикалық, қалалық, бұқаралық) іс-шаралар өткізіліп, оған 31 000-ға жуық адам қатысқан. Бұқаралық спорттық іс-шаралар, спорттық жетістіктер, спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша да атқарылған жұмыстар сараланды.
Сондай-ақ, алқа отырысында дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бауыржан Тұманбаев, қалалық №9 көркем гимнастикадан олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Рүстем Жаңбырбаев баяндама жасады.
Қала әкімінің орынбасары бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтыруға тарту басым бағыттар болу қажет екенін айтты. Жасөспірімдерді спортқа өз жасына сай әкелу, дарынды балалармен жұмыстарды жүйелі түрде атқару және тағы басқа мәселелерге тоқталып өтті.
Жиында олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыру, спортшыларға норматив беру талаптары және тағы басқа мәселелер бойынша сауалдар қойылып, бәріне тиянақты жауаптар берілді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»