Шымкент: «Таза бейсенбі» акциясы бастау алды

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдау мақсатында AMANAT партиясының «Таза бейсенбі» тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Экоакцияға мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, Жастар рухы белсенділері, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысып, тазалыққа үлес қосты.

Алғашқы іс-шарада көпшілік Тұран ауданы, Құрсай елді мекені (А2 жолының бойы) аумағын қоқыстан тазартты. «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық аймағында, аудан орталықтардында, елді мекендерде өтуде.

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов акцияның негізгі мақсатын түсіндіріп берді.

Партиямыз «Таза Қазақстан» акциясына жаңа екпін беруді мақсат етіп отыр. Бұл тазалық іс-шарасының тәрбиелік мәні зор. Жалпы айтқанда тазалық жұмыстарына жауапты арнайы қызметтер бар. Дегенмен қаланың, елдімекендердің тазалығы адамдардың тәрбиесіне байланысты. Коммуналдық қызмет өкілдеріне жәрдем береміз десек, тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Жүрегі, ниеті таза азаматтың айналасы да таза болады. Таза аумақта өмір сүрейік деген мақсатпен осы бастама қолға алынды. Акция одан әрі жалғасады, – дейді Б.Нарымбетов.

Сонымен қатар, бүгінгі іс-шарада «Шымкент спец комплекс» ЖШС және «Тұран» КММ қызметкерлері зираттарды тазалау, шөптерді ору жұмыстарын жүргізді. Жалпы 200-ден астам экоакцияға белсене қатысты.

Айта кетейік, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында барлық өңірлерде алдын ала елді мекендердің ластанған аумақтарының карталары жасалды. Әр бейсенбіде партияластар, белсенділер, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері осы аумақтарды қоқыстардан тазартуға шығады. Кейіннен әрбір ластанған аумаққа партияның бастауыш партия ұйымдары мен аудандық филиалдары бекітіледі. Олар ай сайын бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin