Тассай шағынауданында көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жөндеу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта Берел көшесінде асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр.
Биыл Тассайдағы бірнеше көше орташа жөндеуден өтіп, тұрғындарға қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдар ұсынылуда. Жол инфрақұрылымын жаңарту және дамыту қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған басты жобалардың бірі болып табылады.
Айта кететін, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы – 3247,6 шақырым. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2312,3 шақырымы – асфальт жол, оның жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 71,2%-ды құрайды.
Шымкент қаласының жол желісін дамытуға, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында бюджеттен 48,5 млрд теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі күні жаңа жолдардың құрылысы, реконструкция, күрделі жөндеу, орташа жөндеу, ағымдағы жөндеу бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Атап айтар болсақ:
— 10 нысан немесе 29,4 км жаңа жол құрылысы жоспарланып, биыл 6 нысан немесе 21,8 км жол пайдалануға берілмек;
— 6 нысан немесе 24,9 км жолды реконструкциялау жоспарланса, биыл 2 нысан немесе 3,7 км жолды пайдалануға беру жоспарда бар;
— 2 нысан немесе 17 км жолды күрделі жөндеу жоспарланып, жұмыс жүргізілуде.
345 көше немесе 235,6 км жолдарды жөндеу жоспарланған, бүгінгі күні 185 көше немесе 123,3 км жолға жөндеу жұмыстары жүрізілуде, қалған 160 көше немесе 112,3 км жолға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. Жыл қорытындысына сәйкес, 215 көше немесе 137 км жолдарға асфальтбетон қабаты төселіп пайдалануға беріледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудандардағы 133 шақырым бұрынғы шағалтасты жолға асфальтбетонды қабат төселеді.
Қала көшелерінің асфальтбетон жамылғысындағы 450 мың м2 шұңқырларын жамау жоспарланып, 275 мың м2 шұңқырлары жамалды. Шұңқырларды жамау жұмыстары 2023 жылмен салыстырғанда 5 есеге артты.
Сондай-ақ тұрғындардың сұраныстарына сәйкес, тез арада жағдай жасау мақсатында бұрын асфальтбетон қабаты болмаған 81 көшеге немесе 30 км көшеге асфальтбетон қабатын салу жоспарланып, бүгінгі күні 36 көшеге асфальт қабаты төселді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»