Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында шетелмен тәжірибе алмасу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент қаласына Тәжікстан Республикасының денсаулық сақтау саласының өкілдері арнайы келді. Шет елден келген қонақтар Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйым өкілдерімен бірге қаладағы медицина ұйымдары мен мектептердегі егу қабинеттерінің жұмысымен танысып, адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияны енгізу бойынша тәжірибе жинақтады.
«Бірінші кезекте сіздердің жылы қабылдағандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Иммундау күнтізбесінде жаңа вакциналарды қолдану халық арасында көптеген сұрақтар туғызады.Біз мұнда әріптестеріміздің тәжірибесін қабылдау және осы вакцинацияны елімізде енгізу үшін келдік. Тәжікстан Республикасында 2025 жылдан бастап адам папилома вирусына қарсы вакцина қолға алынады. Біз қазір дайындық үстіндеміз”-дейді Тәжікстандағы иммунопрофилактика орталығының бас директоры Файзали Барот.
Қаламызда адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жалғасуда. Жоспарланған екпе алуы тиіс жасөспірім қыздардың 50% астамы вакцинамен қамтылды. Бұл көрсеткіш республика бойынша алдыңғы қатарда. Вакцина алғандардың қатырында жағымсыз жағдайлар тіркелмеген.
Тәжірибе алмасу жұмыстары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Денсаулық сақтау министрлігі, Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің ұйымдастыруымен өтуде. Халықаралық деңгейдегі бұл іс шара 8-қарашаға дейін жалғасады.
Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетi Шымкент қаласының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментi басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова адам папиллома вирусы туралы қала тұрғындарының білуі шарт ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, адам папиллома вирусы тудыратын ауруға қарсы жоспарлы профилактикалық егу жүргізу үшін вакциналарды сатып алу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 11 және 11,5 жастағы қыздарға 6 ай интервалмен екі рет екпе жасалады.
Адам папиллома вирусы (АПВ) 200-ге жуық түрін қамтитын вирустар тұқымдасына жатады. Олардың кейбіреулері адам денсаулығы үшін салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары организмдегі онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.
Осыған байланысты ҚР әрбір азаматы қырағылық танытып, адамдар арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялардың өсуіне жол бермеуі қажет!
АПВ алдын алу:
• Жыныстық қатынаста жалғыз жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл сізді барлық жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғай алады;
• Тосқауыл контрацепциясын қолдану оңай, қолжетімді, бірақ 100% жұқтырудан қорғау бермейді. Науқас тіпті терідегі зақымданған аймақпен байланысқа түссе де вирус жұғуы мүмкін;
• Кезеңдік профилактикалық тексерулер. Қыздарды гинеколог үнемі тексеріп отыру қажет. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға және оны дер кезінде емдеуге кірісуге болады;
• Вакцинация – ең тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс! Ер адам да, әйелдер де екпе жасай алады. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жастағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының қаупін 90%-дан астамға төмендетеді.
ҚР ДСМ мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ жоғары онкогендік түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен вакциналау жоспарланған. АПВ-ға қарсы вакцинаны 6 ай интервалмен 2 рет егу жүргізіледі. 2-валентті вакцинаның құрамында 6, 11, 16, 18 түрлеріне қарсы 16, 18 және 4-валентті типтерге қарсы АПВ антигендері болады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары.
АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 110-нан астам елінде, соның ішінде Өзбекстан Республикасы мен Қырғызстан сияқты көршілес елдерде енгізіледі.
«ANYQ.KZ-ақпарат»