
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай атындағы саябақта сот шешімімен сүрілуі тиіс нысандардың бірқатарын аралады. Олардың арасында бір ғимарат иесі нысанды мемлекет балансына беру туралы шешім қабылдады.
Қала әкімі аға буынның бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудан әкімі мен жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысына осы аумақта «Шахматшылар үйін» салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға саябақ аумағын абаттандыру, қоқыстан тазарту, балалар ойын алаңы мен автотұрақ салу бойынша тапсырма берді.
Әрі қарай Тәуке хан даңғылындағы әкімшілік ғимаратқа барды. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктері арасында бекітілген арнайы Жол картасы аясында бұл нысан қаланың балансына өтеді. Мұнда бұған дейін ғимаратын жалға алып жұмыс істеп келе жатқан бірқатар қалалық басқармалар мен мекемелер көшіріледі. Осылайша әр мемлекеттік мекеменің өз ғимаратының болуы қалалық бюджетке түсетін салмақты азайтып, үнемделген қаражатты қала дамуына бағыттауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек Қалдаяқов көшесіндегі Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің бір корпусын аралап, оқу процесімен және музейдегі құнды экспонаттармен танысты. Студенттер жылдың бірінші тоқсанында колледждің негізгі ғимаратына көшіріліп, босаған нысанға басқа мемлекеттік мекемелер орналастырылады.
Сондай-ақ колледждің бас ғимаратының қазіргі жағдайын тексерді. Бұрын нысанның бір блогында азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сот орналасқан. Құрылыс басқармасына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізіп, жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.
Қала басшысы аралау соңында қала балансына өтетін бұрынғы Қаратау аудандық сотының ғимаратын да қарап шықты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.