Бүгін Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп, «Фосфоршылар сарайының» ғимаратының бұзылатыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгерім Әбдіоқапқызының айтуынша, тарихи сарай бұзылып, орнына заманауи, жайлы ғимарат соғылады.
Мәдениет сарайының ғимараты 1975 жылы тұрғызылған. Өкінішке орай, кеңестік кезеңдегі сәулет өнерінің туындысы болғанына қарамастан, жеке меншікке өтіп кеткен мәдениет ордасы ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған. Кейін тоналып, бетондары қиратылып, арасындағы арматуралары кесіліп, ғимарат конструкциясына орасан зор зиян тиген. 2023 жылдың қараша айында коммуналдық меншікке өткеннен кейін сарапшы мамандар сарайдың жай-күйін сараптай келе, оны қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсетті.
Сондықтан ескі ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданып отыр. Бірақ, оның орнына «Фосфоршылар» сарайының тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа, заманауи мәдениет сарайы салынады. Жаңа ғимарат жер сілкінісіне мейлінше төзімді болады.
Жаңа ғимараттың құрылысымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналысатын болады. Жұмыс күзде, ескі ғимарат бұзылғаннан кейін басталады деп жоспарлануда. Қордың тапсырысы бойынша мамандар болашақ мәдениет сарайының толық дизайн-жобасын әзірледі.
Жобаға сәйкес, тарихи емес, бірақ, соған жақын қазіргі заманғы параметрлік ою-өрнектер қосылады. Оның негізінде қазіргі заманғы стильге сай келетін көркем ромб бар. Осылайша, тарих пен қазіргі заман арасындағы нәзік байланыс сақталып қалмақ.
Ғимараттың сәулетіне сәулет қосып, құндылығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Мәдениет сарайында әртүрлі өнер мен кәсіпті, пайдалы дағдыларды үйренгісі келетін адамдарға да үйірмелер ашылады деп күтілуде.
Шымкент қаласының әкімдігі жаңа ғимарат шымкенттіктерді ерекше қуанышқа бөлейтініне сенімді. Аумақты абаттандыру да ұмыт қалмаған. Сарайдың маңына гүл мен ағаштар отырғызылып, субұрқақтар, аллеялар, балалар және спорт алаңдары салынады.